Сайран көліндегі су сапасы нормативтерге сәйкес келмейді – Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті
Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Сайран су қоймасынан алынған су сынамасының талдауы оның гигиеналық нормативтерге сәйкес еместігін көрсеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BES.media порталына сілтеме жасап хабарлайды.
“Сайран” көлінен алынған су сынамаларының зертханалық сараптамасы нәтижесіне сәйкес, санитариялық-химиялық көрсеткіштер (иіс, аммиак азоты) бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес еместігі анықталды. Бұл су құрамында органикалық ластанудың бар екенін көрсетеді", – делінген комитет хабарламасында.
Сонымен қатар судағы микробиологиялық көрсеткіштер нормативке сай – холера вибрионы мен энтеровирустар анықталмаған.
"Маусым айында су сынамалары жоспардан тыс алынды. Жағдайды ескере отырып, кәсіпкерлік субъектілері ашылмас бұрын, эпидемиологиялық маңызы жоғары нысан ретінде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті. Бұл су объектісінің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін растайтын құжат, сонымен қатар көл суына зертханалық бақылау жүргізілуі тиіс", – делінген жауапта.
Ведомство Сайран көлін және оның жағалау аумағын қайта жаңарту мен абаттандыру жұмыстары әлі аяқталмағанын атап өтті. Осыған байланысты тұрғындардың жағажайды пайдалануы орынсыз екенін мәлімдеді. Сондай-ақ департамент 2022 жылы су құрамынан ішек таяқшасы табылғаннан кейін енгізілген шомылуға тыйымның биылғы жағдайға қатысы жоқ екенін хабарлады.

"Ет, құрт, қазы, музыкалық аспап алып кіре алмайды": Қазақстандықтар ұшаққа отырарда нені ескеруі тиіс
