Тоқаев жұрт алдындағы беделін көтеру үшін "саяси буллингпен" айналысатындарды сынға алды

Астанадағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір азаматтардың "саяси буллингке" барып, жаңа Конституциядағы ұсынылған нормаларды себепсіз сынға алуын түсіну қиын екенін айтты. Оның сөзінше, Конституцияға енгізілетін өзгерістер инвесторларға қолайлы жағдай жасап, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның сөзінше, арнаулы құқықтық режим енгізу Қазақстанға инвестиция тарту және елдің тұрақты, ашық мемлекет екенін көрсету үшін қажет.
"Саяси буллингпен" шетелдік азаматтардың айналысатыны өз алдына. Бірақ осы қитұрқы әрекетке өз азаматтарымыздың баруын, оның үстіне себепсіз соқтығуын түсіну өте қиын. Кейбіреулер өз бағасын асырып, жұрт алдындағы беделін көтеру үшін ұлт мүддесіне шекеден қарап, шектен шығады. Тым болмаса жаңа Конституцияның идеологиялық және саяси мәніне, ұсынылған нормалардың қандай рөл атқаратынына бір сәт үңіліп көрген жөн", – дейді мемлекет басшысы.
Тоқаев арнаулы режимді тек қаражат, яғни капитал тарту үшін енгізіп отырғанын атап өтті.
"Мұндай артықшылық қаржылық басқару, салық жеңілдіктері және сот рәсімдеріне қажетті жұмыстарды қамтамасыз ету үшін беріледі. Мәселен, осындай режим Алатау қаласына қатысты қолданылмақ. Конституцияда арнаулы құқық режимін бекіту арқылы біз инвесторларға қолайлы жағдай жасаймыз. Жер жүзіне Қазақстанды тұрақты, ашық, кедергісіз және ішкі нарықтағы ахуалы айқын ел ретінде көрсетеміз. Мұндай аумақтар Қазақстанның біртұтас конституциялық, құқықтық кеңістігінің ажырамас бөлігі саналады және солай болып қала беред", – деп түсіндірді Тоқаев.
Еске салайық, Жаңа Конституция жобасында жемқорлық қылмыс жасаған немесе сотталған азаматтардың депутаттық және басқа да сайланбалы қызметтерге кандидат болуына тыйым салатын норма енгізу ұсынылған.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған