Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сауда министрлігі мектеп оқушыларының снектен улануына жауапкершілік алған жоқ

13 наурызда сауда және интеграция министрлігі Ақтөбе дүкендерінің сөрелеріне оқушылар уланған снектердің түсуіне жауапкершілік алмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Tiwy.com

Вице-министр Қайрат Төребаевтың айтуынша, белгілі бір өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттар мен сертификаттардың болуына басқа ведомстволар жауап береді.

"Бұл мәселе біздің министрлікке емес, денсаулық сақтау министрлігінен сұрайсыздар. Кешіріңіздер. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігіне де... Иә, үш министрлікке – шекарада бақылау жүргізетін қаржы министрлігіне қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігінде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі бар. Олар Қазақстан аумағына кіретін барлық тауарды бақылауға алуға тиіс", – деді Қайрат Төребаев.

Ауыл шаруашылығы министрлігі де бұл жағдайға байланысты жауапкершілік алудан бас тартты. Олар біздің журналистерге пікір алу үшін денсаулық сақтау министрлігіне жүгінуге кеңес берді. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жағдайды түсіндіруге дайын болмады.

Осы уақытта Ақтөбе облысында төртінші сынып оқушыларының жаппай улануынан кейін денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін Қытайда өндірілген барлық өнім дүкендерден тәркіленді. Алайда оқушылар уланған дәл сол снектерді кез келген маркетплейс арқылы оңай сатып алуға болады.



Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысының Қобда ауданында 4-сынып оқушылары жаппай уланып, ауруханаға жеткізілген еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға 18 ақпанда Қобда ауданында болған. Қобыланды батыр атындағы орта мектептің 23 оқушысы шұғыл ауруханаға жатқызылған. Төртінші сынып оқушыларында жүрек айну, көзден жас ағу және бөртпе белгілері байқалған. Мәліметке сәйкес, балалар қытай тағамдарынан уланған. Аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Талқылау