Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың төрттен бірі Ресей Қазақстанға шабуыл жасайды деп ойлайды

DEMOSCOPE сауалнамасына қатысқан қазақстандықтардың 25,8 пайызы Ресей Қазақстанға шабуыл жасауы мүмкін деп ойлайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: eurasia.expert

Сауалнама 2025 жылдың 27 қаңтары мен 5 ақпаны аралығында жүргізілген. Қазақстандықтардың 8,8%-ы мұндай сценарийді толығымен мүмкін деп санайды. Ал 17%-ы белгілі бір жағдайларда әскери агрессияға жол береді деп ойлайды. 

Сауалнамаға қатысушылардың 58%-ы агрессияны мүмкін емес деп санаса, 16,2%-ы жауап беруге қиналатынын айтқан. Респонденттердің үштен бірінен астамы (35,1%) Ресей-Украина соғысы Қазақстан экономикасына кері әсер етті деп санайтынын көрсетті.

Тек 5%-ы оң өзгерістерді атаса, 41,3%-ы соғыс пен экономикалық жағдайдың нашарлауы арасында байланыс жоқ деп есептейді. 



Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың үштен бірі (27,8%) Украинадағы соғысты ақтайды. Ресейді 60 жастан асқан халықтың бір бөлігі белсенді түрде қолдайды. 

"DEMOSCOPE зерттеулері қазақстандықтардың айтарлықтай бөлігі Украинадағы соғыстың себептері мен мәнін бағалау кезінде ресейлік насихаттың ықпалында екенін растайды. Сонымен қатар Қазақстанның ресми бұқаралық ақпарат құралдары ресейлік БАҚ-қа ішкі күн тәртібін қалыптастыру мүмкіндігін беріп, соғысты іс жүзінде көрсетпейді", – дейді зерттеу авторлары.

Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан (Астана, Алматы, Шымкент) 1100 адам қатысқан. 

Айта кетейік, бұған дейін Ресей Қазақстанды толықтай газдандыру үшін магистральдық құбыр салатыны туралы жазған едік.

Талқылау