Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сәтбаевтағы ереуіл: Кеншілер талаптары орындалмайынша кетпейтіндерін айтты

"Қазақмыс" корпорациясының Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы кенішінің жұмысшылары талаптары орындамайынша наразылықты жалғастыратындарын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: КазТАГ

Наразылыққа шыққандар әлі компания ғимаратының алдында тұр.

“Әлі тұрмыз, келісімге келген жоқпыз”, – дейді жұмысшылар.

Естеріңізге сала кетейік, 17 желтоқсан күні кешке қарай 200-ден астам адам бірқатар ұжымдық талаптар қойып, наразылыққа шыққан болатын. Олардың басты талабы – жалақыны өсіру.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, "Оңтүстік Қазақстан" кенішіндегі №65 шахтада жұмысшылар жұмысты тоқтатқан. Кейін компания "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-нің Оңтүстік Жезқазған кеніші мен Жыланды кенішінің жұмысшылары ұжымдық талаптарын айтқанын түсіндірді. Оңтүстік Жезқазған кенішінде үшінші ауысымдағы жұмысшылар жалақыны екі есеге арттыру мәселесін көтерген.


"ҚазМұнайГаз" Жаңаөзенде ереуілге шыққан қызметкерлерді жұмысқа шығуға шақырды


Желтоқсанның 18-і күні таңертең компания "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС бас директоры мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері жұмысшылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін айтып, жағдайға қатысты түсініктеме берді.

"Жалақыны арттыру аймаққа немесе өнеркәсіпке байланысты жалақы арасындағы айырмашылықты одан әрі ұлғайтуы мүмкін. Бұл, ақыр соңында, бәсекелестіктің азаюына және компанияның кейбір кеніштерінің тоқтап қалуына әкелуі ықтимал", – деп түсіндірді компания өкілдері.

17 желтоқсанда компания өз қызметкерлерінің жалақысын инфляция деңгейіне, шамамен 8,5%-ға индекстеуге уәді берген. Алайда бұл ұсынысқа қызметкерлер риза емес.

Бұған қоса, компания 2025 жылдан бастап қаржылық көмек пен өтемақы көлемін арттыруды көздейтін жаңа ұжымдық шартты жариялады. Компания ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына қосымша жәрдемақы, балалардың сауықтыру бағдарламаларын кеңейту, барлық қызметкерлерді ерікті медициналық сақтандырумен қамтуға уәде берді.

Талқылау