Сарбаздар әскери борышын жаңа форматта өтейді: Қазақстанда "ақылды" мерзімді әскери қызмет іске қосылады
Фото: Қорғаныс министрлігі
Қазақстанда жаңа форматтағы мерзімді әскери қызмет – SARBAZ+ пилоттық жобасы іске қосылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылы 28 шілде күні Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жаңа форматтағы мерзімді әскери қызмет туралы мәлімдеді.
“Қорғаныс министрлігі жаңа форматтағы мерзімді әскери қызметтің пилоттық жобасы – SARBAZ+ бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұл бағдарлама әскери қызметкерлерді даярлау сапасын арттыруға және армиялық күнделікті өмірге заманауи технологияларды енгізуге бағытталған. Биыл күзде Алматы облысында орналасқан Әуе қорғанысы күштерінің 78460 әскери бөлімінде жаңа модель бойынша 150 шақырылушы қызметін бастайды. SARBAZ+ жобасы – сарбаздардың жеке және кәсіби әлеуетін дамытуға, қызмет жағдайын жақсартуға және күнделікті басқару процесіне цифрлық құралдарды енгізуге бағытталған шешімдерді сынақтан өткізетін алаң болады”, – делінген хабарламада.
SARBAZ+ жобасындағы әскери қызметте кәсіби оқытудың элементтері, цифрлық шешімдер, медициналық мониторинг жүйесі, сарбаздың ұйымдастырылған бос уақыты қарастырылған.
“Жоспар бойынша әрбір әскери қызметкерге биометриялық көрсеткіштерді нақты уақытта бақылауға арналған фитнес-білезік беріледі. Бұл деректер медициналық қызметкерлер мен командирлерге қолжетімді орталықтандырылған мониторинг жүйесіне жіберіліп отырады. Бұл жеке құрамның денсаулығын тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар видеоаналитика жүйесі де енгізіледі”, – делінген хабарламада
Жоба аясында телекоммуникация және IT саласында базалық білім беру бағдарламалары қарастырылған. Сондай-ақ сарбаздар тіл үйрене алады.
“Қызмет аяқталғаннан кейін қатысушылар аттестациядан өтіп, жұмысқа орналасқан кезде қажет болатын сертификаттар ала алады. Сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараттары мен радиобайланысты пайдаланудың негіздеріне үйрету жоспарланған. Қосымша ретінде қазақ және ағылшын тілдері бойынша сабақтар да бар”, – делінген мәлімдемеде.
Әскери қызметкерлердің психологиялық жай-күйін қолдау мақсатында эмоционалдық жеңілдеу бөлмесі жасақталады. Офицерлер мен сержанттарға арналған тұлғалық дамуға бағытталған тренингтер өткізеді. Бұл шаралар заманауи, құзыретті және күйзеліске төзімді әскери маманды қалыптастыруға бағытталған.
“SARBAZ+ бағдарламасы тек мерзімді әскери қызметшілерге ғана емес, офицерлік және сержанттық құрамға да әсер етеді. Олар да біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Атап айтқанда, желілік технологиялар саласындағы халықаралық CCNA Cisco бағдарламасы бойынша оқыту жоспарланған”, – деді министрліктегілер.
Әскерге шақырылғандарды іріктеу жеңіл өту үшін жобаның ресми сайты әзірленді. Платформада әскери қызметке қабылдану тәртібі, өту шарттары және іріктеу кезеңдері туралы ақпарат бар. Шақырылғандар онлайн тіркеуден өтіп, кейін олардың анкеталарын әскери бөлім мен жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері қатысатын комиссия қарайды. Іріктеуден өткен үміткерлерге қызметке қабылданғаны туралы хабарлама жіберіледі.
“Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, ол Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің басқа бөлімдеріне кезең-кезеңімен енгізіледі”, – делінген хабарламада.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Шылым шегетін жастардың санын азайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр
