Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сараптама суицид белгісін таппады": Алматылық ана екі жылдан бері 16 жасар қызының кісі қолынан мерт болғанын дәлелдей алмай жүр

Алматыда екі жыл бұрын белгісіз жағдайда мерт болған 16 жастағы Адель Ақанованың ата-анасы әділдік іздейді. Полиция қыз өзіне қол салды деп істі “Өзіне қол салуға жеткізу” бабы бойынша тергеген. Алайда Адельдің анасы Айнагүл Бейісова қызына қастандық жасалғанына сенімді және істі “Адам өлтіру” деп ауыстыруды талап етеді. Ол Stan.kz редакциясына жүгініп, қызын біреулер өлтіргеніне қатысты өз дәлелін келтірді.

2022 жылы 4 мамырда таңғы 4:30 шамасында Адель Ақанованың денесі Шашкин көшесіндегі үйдің ауласында табылған. Мәйіті ағашқа асылған күйі тұрған. Мұны көрген полиция ол өзіне қол салды деген шешімге келсе керек. Анасының айтуынша, тергеу әділ әрі тиянақты жүргізілмеді, көп дәлелдер негізге алынбады.

“Сол түні мен кешкі 22:00 шамасында ұйықтап қалдым, Адель әкесін күтті. Күйеуім екеуміз де дәрігерміз, кешке дейін ауруханаларда кезекшілікте боламыз. Күйеуім сағат 11 шамасында келді. Адель екеуі шай ішіп, кейін ұйықтауға кеткен. Түнде оянсам, қызым жоқ, көзілдірігі тумба үстінде тұр. Күйеуімді оятып, аулаға шықтық, қараңғы бұрыштан қоқыс жәшіктерінің жанында ілулі тұр Тергеушілерге бір емес, бірнеше рет айттым: Үйде мұндай арқан сияқты жіптер жоқ, көзі нашар көреді. Адель қалайша сегіз жіпті бір арқанға байлайды?” – деді марқұмның анасы.

Қыз Республикалық физика-математика мектебінде 9-сынып оқыған. Сөзінше, өзіне қол салатындай мінез-құлқында өзгеріс немесе күдікті нәрсе байқалмады. Керісінше, өмірге құлшынысы жоғары, болашағына көп мақсат қойған оқушы болды дейді. 

Айнагүл Байсейітова дәрігер болғандықтан, өзіне қол салған кездегі мәйіт пен қиналып зорлықпен өлген денені ажырата алатынын айтады. 

“Асылып қалған адамдардан несеп пен нәжіс еріксіз бөлінеді, одан бөлек арқанда адамның терісі мен майдың ізі қалады. Адельде мұның ешқайсысы жоқ. Сарапшылар Адельдің алақанынан арқан қалдығын да, ізін де таппапты. Егер өзіне қол салса, қалайша ішкиімінде қан іздері бар, қалай басы жарылған, денесі сырылған?”, – деді Бейісова. 

Одан бөлек көршісі сол түні қыздың шыңғырған даусын естіген екен, ол осы жайтты полицияға айтып, куәлік берген. 

Полицейлер нені назарға алмады?

Қылмыстық іс алғашында Алматы қаласы Медеу аудандық полиция бөлімшесінде тіркелді. Айтуынша, оқиға орнын дұрыс тексермеген.

“Сол жердегі бетон қабырға мен тікенді сымды қылмыстық іске тіркемеген. Заттай дәлелдемелер ыстықта тергеушінің диванының астында полиэтилен пакеттерге салынып жатқан. Ал оның кесірінен генетикалық материал жойылуы мүмкін. Тергеу жан-жақты болмағасын 2,5 айдан кейін өтінішіміз бойынша іс Алматы қалалық полиция департаментіне берілді”, – деді әйел.

Сараптама суицидті жоққа шығарды

Олар бірнеше рет сот-медициналық сараптама жүргізді және суицидке жанаспайтын тұстар мен денеден зорлық белгілерін анықтаған. Қарағанды облыстық сот экспертизасы институтының сараптама қорытындысы көрсеткен белгілері:

  • Мойындағы странгуляциялық ойық. 

Странгуляциялық ойық біреу қылқындырған кезде пайда болады. Асылып қалған кезде мұндай ойықтың болуы өте сирек. Адельдің салмағы аз екенін ескерсе, мұндай ойық қалуы екіталай;

  • Қалқанша шеміршектің жарылуы.

Мәйітті эксгумациялау кезінде қалқанша шеміршектің жарылғаны анықталды, бұл да күштеп тұншықтыру кезінде пайда болады.

  • Мойын омыртқалары бүтін.

Сарапшы 7 омыртқа да зақымдалмағанын атап өткен. Ал адам асылып қалған кезде мойын омыртқалары зақымданады екен. Бұл суицид нұсқасын жоққа шығарады дейді. Одан бөлек сараптама Адельді біреу сүйрегенін анықтапты.

2022 жылы 6 мамырда жүргізілген сот-медициналық сараптамасы мидың маңдай бөлігінде көптеген сырықтар мен қан кетуді, сонымен қатар бет, иық буыны, төменгі аяқ және білек аймағында көгерген жерлерді анықтады. Сарапшы бұл жарақаттардың өлім алдында болғанын және доғал затпен соққыдан пайда болғанын атап өтті.

Сонымен қатар экхимиоздық маска байқалған. Яғни қылқындырған кезде кеуде қуысының қысылғанын көрсетеді. 

Биыл 27 маусымда тағы қосымша сот-медициналық сараптама жүргізілген. Нәтижесінде қалқанша шеміршегінің сол жақ тақтайшасының ішкі бетінен жарықшақ анықталды. Бұл да зорлық болғанын көрсетеді дейді.

Екі жылдан бері өзгеріс жоқ

Адельдің отбасы 2 жылдан бері істің ақиқатын таба алмай жүр. Олар бапты “Адам өлтіру” деп ауыстыруды талап етеді. Амалы таусылған ана әділ тергеуге қол жеткізу үшін 19 қыркүйекте петиция жариялаған. Бүгінде ол 325 қол жинады. Айнагүл Бейісова қоғамдық резонанс тудыруды қалайды. 

Еске салсақ, екі жыл бұрын Алматыда өзіне қол салған оқушының анасы оның өліміне басқа біреуді кінәлайтыны жарияланған еді. 

Талқылау