Сарапшылар студенттерге желідегі қауіпті "қосымша жұмыс" туралы ескертеді

"Ақшаны жәй ғана картаға қабылдап, әрі қарай басқаға жіберу керек"… Соңы қылмыстық іске әкеп соқтыратын оқиға осылай басталады.
Ұлттық банк Антифрод- орталығының деректері бойынша жыл басынан бері Қазақстанда 18-24 жас аралығындағы жастар ұрланған ақшаны аудару схемасына қатысушы- дропперлер болған 3 мыңнан астам жағдай тіркелген.
Олар қосымша жұмыс таптық деп ойлайды, ал іс жүзінде қаржылық қылмысқа қатысушы болып шығады.
Бұл туралы "Нархоз" Университеті мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенттеріне Еуразиялық банктің антифрод мәселелері жөніндегі сарапшылары Сауле Исабекова мен Асия Кусанова Киберполициямен және FinGramota жобасымен бірлесіп айтып берді.

Дропперлікке қалай арандатады
Алаяқтар қарапайым әрекет етеді: әлеуметтік желілерге, форумдарға, Telegram арнасына немесе таныстары арқылы жазады.
Аударымды қабылдап, ЖК ашуын сұрайды да, әр түрлі банктердің төлем карталарын ресімдеу керектігін айтып, "оңай ақша" табу жолын ұсынады.
Бұл әрекеттер "бизнеске көмек", "клиенттер арасындағы аударым", "логистика" екеніне сендіріп, заңдылығына шүбә келтірмейтіндей түсіндіреді. Қызмет көрсеткені үшін 1%-дан 3%-ға дейін пайыз алатынын уәде етеді. Кейде тіпті қолға жалған шарт та береді.
"Дроппер – бұл жәбірленуші (құрбан) емес, қатысушы – деп атап көрсетеді Сауле Исабекова. – Жастар ұрланған қаражатты жылыстатуға қатысқанын түсіне бермейді. Ал бұл заң бойынша қылмыс, тіпті сен " жай ғана ақша аударуға көмектескен" болсаң да. Ұрланған ақша карта арқылы өткен бойда – жауапкершілік оның иесіне жүктеледі".

Неге дәл осы жастар нысанаға айналады
Сенгіштік, жылдам ақша табуға ұмтылу және "қисынды схемаларға" деген сенім - алаяқтар үшін тамаша қармақ. "Дәл осы себепті олар жастарды таңдайды", – дейді Сауле Исабекова. – Көбісінің әлі тұрақты жұмысы жоқ, оның есесіне жылдам ақша табуды қалайды. Біреуі жаңа телефон сатып алғысы келеді, біреуі ата-анасына жәрдемдескісі келеді, ал біреуі оқуының ақысын төлеуі керек. Бірақ жеңіл жолмен келген ақшаның ешқашан берекесі болмайды".
Оған берілетін ақыл-кеңес қарапайым болғанымен нақты:
"Егер бұл ақша саған қайдан және не үшін келгенін нақты түсіндіре алмасаң – ақшаға тимегенің абзал. Бір аударым үшін сотқа тартылуың мүмкін".
Алаяқтардың басқа да айлалары: қоңырау шалу, инвестиция, жалған (жоқ) дүкендер
Дәрістерде Еуразиялық банк сарапшылары кибералаяқтар үшін көп табыс әкелетін өзге де схемаларды талқылады:
1. Жалған қоңыраулар
"Бұл банктің қауіпсіздік қызметі. Сіздің шотыңыз бойынша күдік тудыратын белсенділік байқалды."
Жыл басынан бері осы сияқты қоңырау саны – 22 мыңнан асады, орташа залал – 2,5 млн теңге.
"Алаяқтар алдын ала жазылған сценарийлер бойынша жұмыс істейді. Ең дұрысы – әңгімені жалғастырмай, тұтқаны қоя салу", – деп кеңес береді Сауле Исабекова.
2. Жоқ инвестициялар
TikTok пен Telegram-дағы жарнамалар "200%-ға дейін табыс" табуға уәде береді. Бастапқыда бәрі дұрыс "жұмыс істейді", пайда "өседі", одан кейін сайт та, ақша да жоқ болады.
"Тәуекелсіз жылдам табыс ұсынатындардың ешқайсысына сенбеңіздер, – деп баса айтты Асия Кусанова. – Егер инвестиция жасағыңыз келсе – компанияны зерттеңіз, шартты оқып шығыңыз, банктен немесе қаржы кеңесшісінен кеңес алыңыз. Неғұрлым көп сұрақ қойсаңыз, ақшадан айырылу мүмкіндігіңіз соғұрлым аз болады".
3. Жалған дүкендер
Орасан зор (үлкен) жеңілдіктер, "қойманың таратылуы", "тек бүгін ғана". Төлем жасағаннан кейін жым-жырт.
"Сайтты, байланыс телефондарын, пікірлерді тексеріңіздер. Ең арзан баға әрқашан күдік ұялатады", – деп ескертеді Асия Кусанова. – Ақшаны ешқашан жеке картаға аудармаңыз – адал (шынайы) дүкендер ресми төлем сервистері мен чектерді пайдаланады".
"Менің жауабым – "ЖОҚ" деген сөз"
Дәріс өткізу барысында студенттерге Еуразиялық банктің – "Менің жауабым – ЖОҚ деген сөз" танымды бейнероликтер сериясы көрсетілді. Роликтер Fingramota.kz. жобасымен бірлесіп түсірілген. Бейнероликтердің басты берер бағыты: "Егер сізге кез келген адам - қауіпсіздік қызметі, құқық қорғау органдары немесе курьерлік жеткізу қызметі- SMS-тен келген кодты хабарлауды, ақша аударуды немесе жеке деректерді беруді сұрап қоңырау шалып жатса, күмәнданып, бірден "жоқ" деп айтыңыз.
"Осы роликтерді өздеріңіздің туыстарыңызға – әсіресе ата-аналарыңыз бен егде тартқан туысқандарыңызға көрсетіңіздер, – деп кеңес берді Сауле Исабекова. – Көбінесе телефон алаяқтарына алданып қалатын солар. Кейде бір ғана қарапайым ескерту адамды үлкен шығыннан сақтап қалады".
Роликтерді Еуразиялық банктің ресми сайтынан мына және мына. сілтемелері арқылы көре аласыздар.
Бүгінгі таңда банк қаржылық сауаттылықты арттыруда жүйелі жұмыс жүргізуде – студенттер мен мектеп оқушыларына дәріс өткізеді, танымды роликтер түсіреді, банк сайтында алаяқтықтың өзекті схемаларын тұрақты түрде жариялап отырады және қызметкерлерді қаскөйлердің ықпалына тап болған клиенттерді танып-білуді үйретеді.
Алматыда шешек дерті өршіп тұр: Дәрігер ауру қалай тарайды және одан қалай қорғануға болатынын айтып берді