Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сарапшы Volkswagen-нің Қазақстан нарығынан кететінін болжады

Volkswagen Қазақстан нарығынан кетедіФото: pixabay.com

Авто нарықты бақылау және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарян соңғы жылдары Қазақстандағы Volkswagen автокөліктерінің сатылымы күрт төмендегенін жеткізді. Соған байланысты 2026 жылы Touareg моделі өндірістен алынғаннан кейін, бұл бренд елімізде мүлдем жоғалуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Артур Мискарян мұндай пікірді өзінің Telegram-арнасында білдірді. Ол бірнеше жыл бұрын неміс бренді тұрақты түрде ең танымал ондыққа кіргенін еске салды. Мысалы, 2021 жылы қазақстандық дилерлер 4 мыңнан астам Volkswagen автокөлігін сатқан. Бұл жаңа көліктер нарығының шамамен 3–4%-ы. Сол кезде ең сұранысқа ие үлгілер Калуга мен Нижний Новгородтан жеткізілсе, қымбаттары Германиядан келген. 2022 жылы Ресейде жиналған жеңіл көліктердің жеткізілімі тоқтатылды.

"Германиядан сирек әрі аз партиямен келген көліктер болды: Passat седан және универсал, Touareg. Кейін тек соңғысы ғана қалды. Қазақстандағы нарықтық позициялар күрт төмендеді", – деді Мискарян.

Тамыз айының басында Touareg моделі 2026 жылы, 24 жылдық сатылымнан кейін, өндірістен алынатыны белгілі болды. Концерн бұл шешімді "стратегия мен басымдықтардың өзгеруімен" түсіндірді. Компания табыстырақ үлгілерге көңіл бөлуді ұйғарған.



"Болжам ретінде тағы бір жайтты айтайын: жеке өнім ретінде Touareg бағасы жағынан Audi Q7-мен, демек BMW X5 және Mercedes-Benz GLE модельдерімен теңесе бастады. Нәтижесінде, бұл көлік тартымдылығын жоғалтты", – деп қосты автомобиль саласының сарапшысы.

Мискарянның айтуынша, үш литрлік дизельді "Туарег" – "барлық жағынан керемет автомобиль".  

"VW компаниясы Қазақстандағы қызметін толық тоқтатуы әбден мүмкін. Әзірге уақытша болса да", – деді ол. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 14 Тамыз, 2025 09:52
Талқылау