Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Санжар Боқаевтың тапсырмасын орындады деп айыпталған ер адам өзін полиция ұрғанын жоққа шығарды (видео)

Фото: Видеодан скрин

Алаяқтық жасады деп ұсталған қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың ісіне қатысы бар Ахридин Хамракулов мәлімдеме жасады. Бұған дейін өзін полиция ұрып-соқты, қысым көрсетті деп айтқан ол бұл жолы мүлдем басқа нұсқаны алға тартты. Соңғы видеоүндеуінде ол болған жайттардың бәрін Санжар Боқаев әдейі ұйымдастырғанын, өзі сол схеманың құрбанына айналғанын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде Ахридин Хамракулов деп таныстырған ер адамның видеоүндеуі таралып жатыр. Онда ол Алматыдағы гранит плиталары мен ағаштарды заңсыз кесу төңірегіндегі даулы оқиғаларға қатысты өз нұсқасын баяндаған. Осы істерде 18 наурыз күні ұсталған белсенді Санжар Боқаевтың аты аталған.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та болатынын айтқан қоғамдық белсенді Алматы қаласының полиция қызметкерлері тарапынан ұсталған.

Видеоүндеуде сөйлеген ер адам әртүрлі жұмыстармен айналысқанын және 2023 жылы Санжар Боқаевпен танысқанын айтады. Оның сөзінше, сол кезде блогер оны үй жөндеу жұмыстарына жалдаған.

Хамракуловтың айтуынша, 2025 жылдың соңына қарай Боқаев оған гранит плиталарын сатып алып, оларды зиратқа жеткізіп, осы процесті камераға түсіруді тапсырған. Мұндағы мақсат қоғамда резонанс тудыру болған. Алайда алғашқы әрекет сәтсіз аяқталып, видео түсіру мүмкін болмаған. Кейін оған гранит плиталарын тағы бір рет алып бару тапсырылған. Бұл жолы, оның айтуынша, барлық процесс талапқа сай өтіп, бейнежазбаға түсірілген.

"Мен Ахридин Хамракулов 1999 жылы майда Түркістан облысы Сайрам ауданында дүниеге келдім. Мен бұл видеоны түсіру себебім, 2023 жылдың ортасында Санжар Боқаев маған хабарласты. Мен өзім жалдамалы жұмысшымын. Санжар Боқаев мені үйіне шақырып, жұмыстар істеткізді. 2025 жылдың аяғына қарай маған хабарласып, келіп кете аласыз ба деп айтты. Барған жеріне барсам, гранит тастарды сатып алып әкеліп берші деді. Сөйтіп сатып әкеліп бердім. Сөйтем, ол сұраған видео ұқсамай қалыпты. Жоспарлары іске аспай қалған. Екінші рет тағы да мені жіберді. Тағы да бардым, гранит тасын сатып әкеліп бердім. Сөйтіп оны зират жаққа түсіріп бердім. Кейін оны Санжар Боқаев видеоға түсірді. Сол жұмыстың бәрі жабылып кеткеннен кейін Роща Баумона жақтағы ағашты барып кес деді", – деді Ахридин Хамракулов.

Ахридин Хамракуловтың айтуынша, ағаш кесу жұмысы үшін ол небәрі 100 мың теңге көлемінде ақы алған. Осы оқиғадан кейін оны полиция департаменті қызметкерлері ұстап, тергеу изоляторына қамаған.

Оның сөзінше, қамауда отырған кезінде оған Диас Ахметов келіп, өзін Санжар Боқаевтың адвокаты ретінде таныстырған. Ахметов Ахридинге Санжар Боқаевқа қарсы шағым жазуды ұсынған. Сонымен қатар, ол полиция департаментіне барып, қоғамдық резонанс тудыру қажеттігін айтқан. Ахридиннің сөзінше, Диас Ахметов егер ол "шу" көтерсе, өзін қамаудан шығарып алуға көмектесетінін жеткізген.

"Сотталып кетемін деп амал жоқ сонымен келісіп, енді келіскенімнен кейін ол жерде біраз видео бар. Маған полиция департаментілер қысым көрсетіп жатыр, Санжар Боқаевқа қарсы шағым жаз деп айта берді.  Соны айттым. Соны айтқан соң бостандыққа шықтым. Кейін міне өздеріңізде білесіздер, Санжар Боқаев бостандыққа шықты. Ақиқатты айту керек деп ойлаймын. Қазақстанда заң бар екен. Ақиқаты сол тасты сатып әкеліп бер дегнен Санжар, Роща Баумонаны кес дегенде Санжар. Мен ол жерде тек жалдамалы жұмысшы едім. Сол жалдамалы жұмысшы екенімді пайдаланып, былыққа батырып кетті. Былыққа батырғаны былай тұрсын, енді тағы сол адам бойынша іс қозғалы жатыр. Мен оның соңы бұлай болады деп ойладым. Өкініштісі, мен ол кес деген ағашты кескенім болып тұр. Гранит тасының өзінің екі рет әкеліп бердім. Бірінші түсірген видеоны салмаған. Тек екіншісін көрсеткен. Сол үшін мемлекеттен, Қазақстан Республикасынан кешірім сұраймын", – деді Ахридин Хамракулов.

Ахридин Хамракуловтың айтуынша, оған "көмектесеміз, сотталмайсың" деген уәделер берілгенімен, ақырында ол екі жыл шартты жазаға тартылған.

"Бәрі бір екі жыл шартты жазаға тартылып, соттаып шықтым. Мен өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеп бердім. Мұның бәрі Санжар Боқаевтың жасап жүрген алаяқтығы, ұйымдастырған киносы. Бұған дейін оның мұндай екенін білмеген едім. Сөйтсек, өзі осылай қойылым ұйымдастырып, видеоға түсіріп өзін, артынша түрлі фирмаларды бопсалайды екен. Соңында ақшасын алып жүре береді екен. Халыққа айтарым, Санжар Боқаев қойған киноларына көп сене бермеңіздер. Мен білетін осы екі кино. Біз білмейтін басқа да қойылымдары бар шығар. Менің бұған дейінгі видеоларыма да сенбеңіздер. Оның бәрін Санжар Боқаев, Диас Ахметов және жанындағы Ұлан деген мобилограф та ұйымдастырған қойылымдары. Қазір менде бәрі жақсы, ешкім уайымдамасын. Құдайға шүкір денем бәрі сау", – деген Ахридин Хамракулов видеода.

Алайда бұған дейін Ахридин Хамракуловтың видеосында Санжар Боқаевқа қарсы куәлік беруге мәжбүрлеп жатқанын айтқан еді. 
Видеоны журналисттердің біріне Боқаевтың жұбайы жіберген. Оның айтуынша, видеода күйеуіне қатысты істің қолдан жасалғанын дәлелдеуге бағытталған.

Видеода ер адам өзін ұстаған жедел уәкілдердің камера жоқ жерге апарып, ұрып-соққанын айтады. Оның сөзінше, кейін оны басқа орынға апарып, видеоға түсірген. Сондай-ақ, қолын қайырып, кісен салып, жерге құлатып, күш қолданғанын жеткізеді.

Адвокат сұрағанда, оған "береді" деп жауап бергенімен, іс жүзінде тек кезекші адвокат қана келгенін, оның жағдайдан толық хабарсыз болғанын айтады.



Еске салайық, күні кеше Алматыда қоғамдық белсенді Санжар Боқаев ұсталды. Оған көрінеу жалған ақпарат тарату, қоғамда теріс пікір қалыптастыру және алаяқтық жасады деген айыптар тағылып отыр. Бас прокуратураның мәліметінше, Боқаев әлеуметтік желіде жекелеген тұлғалардың қоғамдық саябақ аумағында ағаштарды заңсыз кесуі және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауы туралы видеоматериалдар жариялаған.

Тергеу деректеріне сәйкес, Санжар Боқаев бұл әрекеттерді өзі ұйымдастырып, қаржыландырған. Ол табысы төмен адамдарды тартып, оларға ақша беріп, ағаш кесу мен ұрлық жасауға тапсырма берген деп күдіктелуде. Сонымен қатар, ол аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінген.

Өткен жылдың күзінде Санжар Боқаев Алматыдағы Баума тоғайында он мыңдаған ағаш кесілуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірген еді. Шынында да, экология министрлігіне қарасты жоспарларда тоғайдың жартысын кесу мәселесі болған. Алайда әкімдік бұл ақпаратты жоққа шығарып, керісінше ағаш отырғызу жұмыстары жоспарланғанын мәлімдеген. Соған қарамастан, кейін тоғай аумағында заңсыз ағаш кесу фактілері тіркелген.

Мүлік ұрлығы деген айып, шамасы, брусчаткаға қатысты схемаларға байланысты айтылған. Боқаевтың мәлімдеуінше, мердігерлер шенеуніктермен бірігіп, абаттандыру жұмыстары деген желеумен көшелердегі әлі де жарамды брусчаткаларды алып, оларды жеке нысандарға тасымалдаған.

Өз кезегінде әкімдік бұл әрекетті жоққа шығармай, брусчаткалардың "мұқтаж жандарға" (яғни, жеке үйлердің иелеріне) берілгенін мәлімдеген.

STAN.KZ
Бейсенбі, 19 Наурыз, 2026 12:27