Салтанат Бақаева ағасының бәріне пайдасы тиер ақылымен бөлісті
Әнші әрі актриса Бақаева “Ақылыңызды қашан да тыңдауға, түзетуге тырысамын” деп ағасы Бекжан Тұрыстың сөзін көкейіне түйіп қана қоймай, өзгелерге де өсиет болсын деп оқырмандарымен бөліскен-ді.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
“Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар” демекші, қазақ халқы қашан да жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық. Әрдайым өзінен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетеді. Қанымызға сіңген қамқорлықпен еліміздегі танымал театр актері Бекжан Тұрыс қарындасы Салтанат Бақаеваға ақыл айтқан.
“Егер біреу мініңді айтып жатса, қарап жүрме, керісінше өз қатеңді түзетуге тырыс. Қайғысы – азық, ермегі шер болған xалқымыздың өткеніне үңілсек, әсілінде, қазақтай тектілік сақтап, дүниенің сырын дәл ұққан xалық жоқ. Қазақтың өмірі, мұңы, арманы, аманаты, үміті, тариxы – бәрі-бәрі қазақ қызының кірпігінде тұр. Іргетасы мықты соғылған үйдің ұзаққа шыдайтыны секілді, қаймағын қалқып ішкен қыздан көрегенді келін, парасатты ана шығады. Оң жақтағы кезіңде жүз жігіттің арманы болсаң да, қызға бір азаматтың жан жары болу – парыз. “Жаным – арымның садағасы” деп, дар алдында емес, ар алдында именген бұл қазақ. Арының тазалығын қамтамасыз ету мақсатында ары таза емес қыздарды сиырға, есекке теріс қаратып мінгізіп, қолына тесік қазан, тесік құман ұстатып төркініне қайтарып жіберген. Осындай шаралардан кейін қазақ қызы аяғын қия басып көрмеген. Ар жазасы осындай еді. Туа бітті жауынгер, жаужүрек, алты жасында ашамайға отырып, алпысында да аттан түспеген намысты жігіттері қандай еді! Бүгінде атқа мінер азаматтар мен ақылды қыздарымыздың табиғи жетімсіздігі қатты байқалып тұр. Сондықтан елге күлкі, есекке таң болмайық деп Салтанат қарындасыма ақыл айтып отырмын” деп өзінің ақылын берген екен.
Ағасының ақылын көкейіне түйген актриса соңғы кезде оқырмандарына қатты ренжіп жүр. Олардың ойланбастан пікір жазатынын ашуланып, оларға өзі де инстаграмдағы парақшасында ақыл айтты. “Кейбір пікірлерді оқып “кім жазды екен” деген оймен парақшаларына кіріп бір сұмдықты байқадым… Көбінесе жағымсыз нәрсені жазатындар менен кіші қыздармен жас аналар… Біз қандай балаларды тәрбиелеп жатырмыз?.. Өтінем жаман нәрсе жазар алдында ойланыңыздар! Түсінем, кейде мені жеккөріп өздеріңізді ұстай алмай жатсаңыздар, онда өздеріңізді бекер ызаландырмай менің парақшамды мүлдем оқымаңыздар” деп жазып 10 күнәнің 9-ы тілден екенін айтқан.
Естеріңізге сала кетсек, Бекжан Тұрыс пен Салтанат Бақаева Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театрында бірге жұмыс істейді.