Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан тұрғыны ақшаны дұрыс есептемеген банкоматтың кесірінен 40 мың теңгесінен айырылғанын мәлімдеді: Мұндай жағдайда не істеу керек

Астана тұрғыны банкоматтың салынған ақшаны дұрыс есептемей, соманы 40 мың теңгеге аз көрсеткенін мәлімдеді. Сөзінше, жұбайы бірден банкке хабарласып, арыз жазыпты. Алайда банк өкілдері белгіленген мерзім өткен соң барлығы дұрыс екенін айтып, ақшаны қайтарудан бас тартқан. Stan.kz тілшісі заңгермен тілдесіп, мұндай жағдайда қалай әрекет ету керегін сұрап көрді. 

банкомат

Нұрсұлтан Аймдосов есімді елорда тұрғыны жұбайының басынан өткен келеңсіз оқиғамен бөлісті. Оның пайымдауынша, жұбайы Kaspi банкоматы арқылы картасына ақша салмақ болған. Алайда банкомат салынған қаржыны 40 мың теңгеге кем есептепті. 

"Сома айтарлықтай көп емес, бірақ жағымсыз жағдай орын алды. Әйелім бірден 9999 нөміріне қоңырау шалыпты. Қызметкер арыз жазуға арналған бланк жіберген. Толтырып, арызды банкке жіберіпті. 3 күн күтсін деген. Егер артық ақша болса, міндетті түрде қайтарылатынын мәлімдеді. Таңертең жауап келіпті. "Барлығы дұрыс! Артық ақша жоқ!" делінген. Әйелімнің ұнжырғасы түсіп кетті. Қалайша? Құрметті Каспи банк! Айтқанымызды дәлелдеу үшін банкоматтың жанында ұйықтап, кешке ақшаны шығарғанда видеоға түсіру керек пе?" – деп жазды ол. 

Жазба астында пікір қалдырған желі қолданушылары бастарынан осыған ұқсас жағдай өткенін жарыса жазды. 

"Менде де осындай жағдай болған. Банкоматқа 200 мың салдым, бірақ 20 мың теңге деп көрсетті. Банкке шағымданған соң 3 күннен кейін қаржыны қайтарып берді", "Дәл осындай жағдай орын алған. Келесі күні ақшаны қайтарды. Негізі банкомат арқылы ақша салмаған жөн. Терминал арқылы жеке салған дұрыс", "Менде банкомат 5 мың теңгені жұтып қойған, бірақ сол күйі қайтармады", "Менің құрбымда 85 мың теңгені жұтып қойды. Барлық жерге арыз жазғанымен, жауабы сіздікі секілді, ақшаны қайтармады", – деп жазды желі қолданушылары. 

Заңгер Бердімұрат Хасенұлы банкоматтың ақшаны дұрыс есептемегенін дәлелдеу үшін фискалды чекті шығарып, сақтау керегін айтады. 

"Егер ақша салғанда немесе алғанда банкомат дұрыс есептемесе, алдымен фискалды чекті шығарып алу қажет, себебі көпшілігіміз экранға шыққан чекті көріп кетіп қаламыз. Техникаға сенім жоқ екенін ескеру керек. Сосын банк бөлімшесіне хабарласып, болған жағдайды түсіндіріңіз. Түнгі уақытта қоңырау шалып, байланысу қиынға соғуы мүмкін. Келесі қадам – банкомат орналасқан мекенжайды, уақытты жазып алу. Арыз түскен соң келесі күні немесе үш жұмыс күнінің ішінде банк қызметкерлері банкоматты ашып, қолма-қол ақшаны алады. Жүргізілген операциялардың, кіріс-шығыс тарихын зерделеп, түскен соманы есептейді", – дейді заңгер. 

Маманның сөзінше, көп жағдайда банк дұрыс есептелмей қалған соманы қайтармай жатады. 

"Егер операциялық қателік орын алғаны расталса, үш жұмыс күнінің ішінде қайтарып береді. Ақшаңызды қайтара алмасаңыз, бірінші Ұлттық банкке хат жазуға болады. Хатта қателік орын алса да, банктің шара қабылдамағанын көрсету керек. Сондай-ақ e-Otinish платформасымен құқық қорғау органдарына жүгінген абзал", – деп қосты ол.

Бердімұрат Хасенұлының айтуынша, банкоматтың ақшаны дұрыс есептемеуі операциялық қателік ретінде қаралғандықтан, қылмыстық іс қозғалмайды екен. 

"Бұл алаяқтық дерегі ретінде де қаралмайды. Сондықтан құқық қорғау органдары "Банкке арызданыңыз" деп жауап жіберуі мүмкін. Егер жоғарыда аталған шаралардан еш нәтиже шықпаса, сотқа арыз жазуға болады. Тергеп-тексеру шаралары қабылданып, сараптама тағайындалады. Банк өкілдері банкоматтың ақшаны жұтып қойғанын жоққа шығарса, сот және Ұлттық банкке шағымдану арқылы аудиторлық сұраныс жіберіледі. Бұл кезеңде банкомат арқылы түскен ақшалардың есебі шығарылып, қаржыны қайтару мүмкіндігі туады", – дейді Бердімұрат Хасенұлы. 

Талқылау