Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 2 жыл бұрын бой көтеретіні айтылған әуежай салынбайтын болды

Ақтөбеде соңғы екі жылдан бері қажет екені айтылып жүрген әуежай салынбайтын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Время

Жаңа әуе айлағының бой көтеретіні алғаш рет 2022 жылдың көктемінде айтылған. Ал 2023 жылдың жазында еуропалық The Hansa Consortium компаниясы 500 миллион доллар инвестиция салуға дайын екенін, оны небәрі 36 айда салуға болатынын мәлімдеген. 



Жаңа әуежай облыс орталығынан бір сағаттық жерде орналасады деп жоспарланған. Ол үшін Алға ауданынан арнайы 416 гектар жер бөлінген. Құрылыс 2028 жылы аяқталуы керек еді. Дегенмен әуежай салынбайтыны белгілі болды. 

Бұған дейін, қоғамдық талқылауларда қазіргі әуежайдың жарамсыз екені ашық айтылған. Тіпті соның салдарынан қоршаған орта ластанып жатқанын жеткізген. Алайда болашақта сағатына мыңдаған жолаушы қабылдайды делінген жаңа әуе айлағы бой көтермейтін болды. 

"Бір күні салынары сөзсіз, бірақ жақын арада емес. Әзірге ең өзекті деген мәселелермен айналысқан жөн” деген шешім қабылданды", – деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов.

Елеуовтың сөзінше, жергілікті шаруалар жұмыс істеп тұрған әуежайдан тез арада салқын камера ашу керегін айтқан. Айтуларынша, салқындатылған бөлменің жоқтығы қозы етін шет елге әуе арқылы жеткізуге кедергі жасап отыр екен. 

Айта кетейік, бұған дейін Көлік министрлігі елде жаңадан салынатын екі әуежайдың орны белгілі болғанын мәлімдеген еді.

Талқылау