Офшорлық шоттарында 1,4 миллиард теңге бар: Салық органдары қазақстандықтардың шетелдегі шоттарын тексеріп бастады
Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың шетелдік банктердегі шоттарын тексерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: style.rbc.ru
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сенсек, шетелдік салық органдарынан алынған ақпарат негізінде 2 мыңнан астам Қазақстан азаматы тексерілген. Осылайша 1 602 қазақстандық жеке табыс салығын төлеп, 5,4 миллиард теңге аударған.
"Түсімдердің ең көп бөлігі, соның ішінде дивидендтер мен сыйақылар түріндегі табыстар, БАӘ, Ұлыбритания, Қытай Халық Республикасы, Түркия және басқа елдерге тиесілі", – делінген хабарламада.
Қазақстандықтар офшорлық аймақтардағы банктік шоттарында 1,4 миллиард теңге ұстап отырғаны айтылды.
"Бүгінде азаматтарымыздың офшорлық юрисдикцияларда ашылған банктік шоттарындағы қаражаттың жалпы сомасы 1,4 миллиард теңге болды. Ең үлкен сома мына елдерге тиесілі: Панама Республикасы – 1,2 миллиард теңге, Вануату – 0,2 миллиард теңге, Сан-Марино – 0,1 миллиард теңге және басқа елдер", – делінген хабарламада.
Қазақстанның CRS аясындағы ынтымақтастық географиясы кеңейгені атап өтілді.
"Егер 2021 жылы деректермен алмасу 51 юрисдикциямен жүргізілсе, 2024 жылы олардың саны 89-ға жетті, оның ішінде 26 офшорлық ел бар. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) әзірлеген бұл механизм капиталды заңсыз шығарумен күресудің маңызды құралы және шетелде шоты бар қазақстандықтардың кірісіне тиімді салық салуға көмектеседі", – деп көрсетілген ақпаратта.
Common Reporting Standard (CRS) – бұл салық төлеуден жалтару мақсатында офшорлық аймақтарды пайдаланумен күресу және қаржылық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) жасаған стандарт.
Айта кетейік, Қазақстан блогерлеріне миллиардтаған теңге көлемінде қарыз туралы салықтық ескертулер жаппай жіберілген еді. Комитет мәліметінше, 594 адам өз табысын жалпы сомасы 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткен. Бұл ескертулер 20 мыңнан астам жазылушысы бар блогерлерге жіберілген. Олардың көбі күтпеген ірі салық сомаларын төлеуге міндеттеліп, бұл наразылық толқынын тудырды.
Салық және салықтық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцев қазақстандық блогерлердің табысын төмендетуіне қатысты салық органдарының айыптауларына түсініктеме беріп, инфлюенсерлердің "жасырын табысын" анықтау әдісін түсіндірді.
Еске салайық, бұған дейін мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандық блогерлерге салық бойынша хабарламалар жібергені туралы хабарлаған едік. Оларға жалпы құны 53 миллиард теңгені төлеуге бір ай уақыт берілгенін мәлімдеді. Осыдан соң желіде салықтан жалтарған блогерлердің тізімі пайда болды.