Салық кодексіне байланысты миллиондаған қазақстандықтың жалақысы қайта есептеледі
Қазақстанда жеке табыс салығын есептеу кезінде қолданылатын 14 АЕК (55 048 теңге) салық шегерімдері жойылады. Оның орнына 30 АЕК (117 960 теңге) бірыңғай базалық шегерім енгізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа шегеріміне байланысты бухгалтерлер миллиондаған қазақстандықтың жалақысын қайта есептеуге мәжбүр болады.
Қазір Қазақстанда білім беру, медицина, ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша сыйақы және көпбалалы отбасыларға 14 АЕК көлемінде шегерім бар.
Енді сенатта қаралып жатқан Салық кодексі олардың күшін жоюды жоспарлап отыр, бірақ стандартты базалық шегерімді қазіргі 14 АЕК-тен айына 30 АЕК-ке (жылына 360 АЕК) дейін ұлғайтады. Егер кодекс қабылданса, бұл шегерім 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап яғни артқы күнмен бекітіліп қолданылады.
"Аталған стандарттарды енгізуге байланысты 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап заң қолданысқа енгізілген күнге дейінгі кезеңге жеке табыс салығын есептеу және салық шегерімдерін қолдану тәртібі бөлігінде өтпелі ережелер ретроспективті түрде қарастырылған", – делінген мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық кодексі күшіне енгенге дейін бухгалтерлер қызметкерлердің жалақысын қайта есептеу керек пе дегенге жауап берді.
"Шегерімдерді қайта есептеу үшін өтпелі кезең қажет. Оларды қайта есептеу керек, біз бұған уақыт беріп жатырмыз", – деді мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Гүлжан Қалменова.
Жаңа Салық кодексінің 781 және 782-баптары өтпелі кезеңге арналған. Оларға сәйкес, жұмыс берушілер (салық агенттері) жаңа ережелер бойынша қайта есептелген жеке табыс салығын заң күшіне енген айдан кейін 25 күн ішінде аударуға міндетті.
Жеке тұлға салық шегерімдерін алу үшін қайта өтініш беруге мәжбүр болады. Егер бұрын өтініш берген болса, оның күші жойылады.
Егер жұмыс беруші бұрынғы шегерімдер бойынша жеке салықтық табыс салығын ұстаса (14 АЕК + дәрі-дәрмек), нәтижесінде қызметкерден жаңа ережелерде талап етілгеннен азырақ салық сомасы есептелсе, онда жұмыс беруші айырманы өз қаражатынан төлей алады және оны корпоративтік салық бойынша шығыстарда есепке алады.
Салық шегерімін қолдану үшін бухгалтерияға кез келген нысанда өтініш беру қажет. Шегерім барлық жеке тұлғаға, соның ішінде қызметкерлерге, жалпы режимдегі жеке кәсіпкерлерге қолданылады.
Жеке практикамен айналысатын жеке тұлғалар үшін кәсіби шегерімдер де жойылады, бірақ жеке табыс салығының мөлшерлемесі 10%-дан 9%-ға дейін төмендетіледі.
Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар үшін заңда белгіленген мөлшерде әлеуметтік аударымдар мөлшерінде қосымша шегерім енгізіледі.
Мемлекеттік кірістер комитетінде атап өтілгендей, бұл өзгерістер жеке тұлғаларға салық шегерімдерін қолдану ережелерін жеңілдету мақсатында енгізіліп жатыр. Енді растайтын құжаттарды жинап, сақтаудың, жылдық табыс пен мүлік туралы декларацияны тапсырудың, салықты өз бетінше есептеп, барлығын салық органдарына тапсырудың қажеті жоқ. Салық органдары тарапынан жүргізілетін тексерулер де қысқартылады.

Павлодарда "Қауіпсіз қала" жобасын іске асыруға 8,6 млрд теңге жұмсалмақ, Қытай Deep Seek-ті жасауға одан үш есе аз жұмсады – Депутат
