Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Салық пен айыппұл өсіп, қымбатшылық басталады: 2026 жылдан бастап Қазақстанда не өзгереді?

Фото: Stan.kz

2026 жылдан бастап Қазақстанда бәрі өзгереді. Соның ішінде салық қатаңдайды, ал табысы 36 миллионнан асатындарға 15% көлемінде салық салынады. Келесі жылы зейнетақы мен әлеуметтік төлем өссе де, МӘМС төлемін кешіктіргендердің шоты бұғатталуы мүмкін. Жеке куәлік тегін берілсе де, құжаттар мен көліктер қымбаттайды. Ал көпбалалы отбасылар мен ипотекаға берілетін жеңілдіктер жойылады. Stan.kz талдауы бойынша бюджеттің жаңа ережелері кез келген азаматқа ауыр салмақ түсіреді.

1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді

Ең басты жаңалықтардың бірі қосымша құн салығы мөлшерлемесінің 16%-ға көтерілуі болмақ. Бұл, әрине, тауар мен қызмет бағасына әсер етеді. Жаңа Салық кодексі салық әкімшілігін айтарлықтай оңайлатуды көздейді. Салықтық есеп берудің көлемі 30%-ға қысқарады, салықтардың саны 20%-ға азайтылады, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Негізгі бағыттар бойынша – корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы, инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді маңызды өзгерістер енгізілді.

ҚҚС (қосылған құн салығы)

  • Жаңа базалық ставка – 16%.

  • 2026 жылдан бастап дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% мөлшерлемеде қолданылады.

2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығы базалық 20% мөлшерінде қалады, бірақ кейбір салалар үшін өзгеше есептеледі:

  • Банктер (кредит беруді қоспағанда) мен ойын бизнесі – 25%;
  • Әлеуметтік сала ұйымдары – 2026 жылы 5%, ал 2027 жылдан бастап 10%;
  • Ауыл шаруашылығымен айналысатын өндірушілер үшін – 3%.

Жеке табыс салығы да кезең-кезеңімен өзгереді. Егер жылына 33,5 млн теңгеге дейін табыс тапсаңыз, бұрынғыдай 10% мөлшерлемемен салынады. Ал одан көп табыс табатындарға – 15%.

Дивидендтерге де жаңа ереже енгізілді: жылына 995 млн теңгеге дейінгі дивиденд – жеңілдетілген 5% мөлшерлемемен, ал бұл шектен асатын дивиденд – 15% мөлшерлемемен салынады.

2026 жылдан бастап салық саясаты қатаң, бірақ айқын болмақ. ҚҚС көбейсе де, әлеуметтік маңызды тауарлар мен қызметтерден босату сақталды.

Сарапшылар жаңа жыл тек демалыспен емес, бюджеттің жаңа ережелерімен басталатынын атап өтті. Олар ақшаны жоспарлап, салыққа дайын болу уақыты келгенін айтады.

  • Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек (ККТМК) және МӘМС аясындағы қызметтер, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызды ауруларды емдеу, баспа кітаптарын шығару, археологиялық жұмыстар ҚҚС төлеуден босатылды.

  • Периодтық баспа басылымдарын шығару үшін төмендетілген мөлшерлемемен – 10%.

  • Міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) төмендетілді.

Жеке табыс салығынан

  • Зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылды.

  • 10 жылдан артық көліктерге көлік салығы азайтылды.

  • Мүгедектерге әлеуметтік салықтық шегерім артты – 882-ден 5000 МРП-ке дейін.

Салықтарды азайту және оңтайландыру

  • Біріккен жер салығы алынып тасталды, кейбір төлемдер мен ставкалардың саны қысқартылды.

  • Арнайы салық режимдері (АРС) үшке қысқартылды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеңілдетілген декларация бойынша және фермерлік шаруашылықтар үшін.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа мүмкіндіктер

  • 40 қызмет түрінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АРС қолдануға рұқсат етілді.

  • Оларға мыналар жатады: такси қызметі, тамақ жеткізу, желілік маркетинг арқылы бөлшек сауда, ұсталық, ағаш ұсталық, компьютер мен тұрмыстық техника жөндеу, тұрғын үйді жалға беру, фотография, ветеринария, үйді тазалау, шаштараз және сұлулық салондары және т.б.

  • Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар төлемдерді мобильді қосымша арқылы есептеп, төлей алады.

Арнайы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызметтер

  • 44 қызмет түрінде жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық режимін қолдануға болмайды.

  • Бұл қызметтер үлкен маржалы немесе мемлекет тарапынан реттелетін салаларға жатады.

  • Олардың қатарында мұнай өнімдерін сату, ойын бизнесі, күзет қызметі, цифрлық майнинг, лизинг, бухгалтерлік есеп және аудит, құқықтық қызметтер, жол және көпір құрылысы, банктік қызмет, бағалы қағаздар нарығы, ломбарды және т.б.

Дегенмен, маңызды әлеуметтік тауарлар мен қызметтер де қосымша құн салығынан босатылды:

  • тегін медициналық көмек шеңберіндегі тауарлар мен қызметтер;
  • міндетті медициналық сақтандыру қызметтері;
  • отандық баспа кітаптары мен оларды басып шығару қызметтері.

Қосымша құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегі де 15-тен 40 миллион теңгеге дейін өсті, яғни шағын кәсіпкерлердің көпшілігі енді қосымша есеп беруден босатылды.

қосымша құн салығыФото: pexels.com

"Жеңілдетілген салық режимінде" кімдерге жұмыс істеуге тыйым салынбақ?

Қазір нақты тізім әзірленуде, бірақ шамамен өңдеу өнеркәсібінің басым бөлігі, мектептік және жоғары оқу орындары, ірі құрылыс компаниялары шектеуге ілікпек.

Ал қалатын қызметтер қатарында бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, креативті индустрия, кейбір көлік, жылжымайтын мүлік, тұрмыстық қызметтер, жеке медицина, қоғамдық тамақтану, сұлулық салондары және мектепке дейінгі білім беру бар. Рұқсат етілген қызмет аясында шамамен 1,33 миллион бизнес субъектісі қала береді.

Фото: pexels.com

Қазақстандықтардың табысы жаңа тәртіппен есептеледі

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың табысын жанама әдіспен анықтауды енгізеді. Салық органдары азаматтардың табысын банктік шоттар, активтердің құны, шығындар және басқа деректер арқылы бағалай алады. Бұл ереже жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендерге немесе есеп жүргізу тәртібі бұзылғандарға қолданылады.

Егер табыс пен шығын сәйкес келмесе немесе декларация ұсынылмаса, салық органдары өткен кезеңдердегі ақпаратқа сүйене отырып, табыс пен салығын айқындайды. Құжатсыз мүліктің нарықтық құнын тәуелсіз бағалаушы анықтайды.

Күмәнді аударымдар үшін де айыппұл салынбақ

2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке банк карталарына барлық аударымдар бақылауға алынады. Салық органдары тексеретіндерге тұрақсыз немесе күдікті транзакциялар, банктегі қаражат қозғалысы, жалақы, дивиденд және туыстардан келген аударымдар кіреді.

Қаражаттың шығу тегін дәлелдей алмағандар қосымша салық, айыппұл және сирек жағдайларда мүлікті тәркілеу қаупіне ұшырайды. Табыс пен шығындар алдын ала құжатталған болса, тексерістен өту жеңілдейді. Барлық жеке банк карталары – шағын бизнес иелеріне де – жеке мақсатта ғана қолданылуы тиіс.

Фото: pexels.com

Кәсіпкерлердің банк шоттарынан қолма-қол ақша алу тәртібі өзгереді

1 қаңтардан бастап кәсіпкерлердің банк шоттарынан қолма-қол ақша алу тәртібі өзгереді. Ақша алу тек өтінім негізінде жүргізіледі. Күнтізбелік ай ішінде алынатын сома шектеулі мөлшерден аспауы тиіс.

Банктер өтінім берілген соң, ақша алу мақсатын растайтын құжаттарды және мәліметтерді беру келісімін электрондық түрде уәкілетті органға жібереді. Сонымен қатар, ай сайын 10 000 000 теңгеден асатын сомаларды шоттардан алу туралы ақпарат Ұлттық банкке жіберіледі.

Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері ұлғайтылады

1 қаңтардан бастап "2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң күшіне енеді. Сол себепті айлық есептік көрсеткіш 393 теңгеге артты. Яғни 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге дейін өсті.

Сонымен қатар келесі көрсеткіштер өзгереді:

  • мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге;
  • минималды зейнетақы – 69 049 теңге;
  • күнкөріс минимумы – 50 851 теңге;
  • зейнетақылар мен кейбір әлеуметтік төлемдер өседі.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтарға зейнетақы 10% көтерілетіні уәде етіліп, сома бюджетке енгізілген. Минималды зейнетақы 69 мың теңгеге жетеді.

Сонымен қатар, тек зейнетақы ғана емес, жеке әлеуметтік төлемдер де өседі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы шешіміне сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының әлеуметтік төлемдері 10% көбейеді. Бұл төлемдер еңбекке жарамсыздық немесе асыраушысын жоғалту жағдайында 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған төлемдерге қатысты. Өсу нақты алынған төлем мөлшерінен есептеледі.

Зейнетақы 10% өседі

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге, ең жоғарысы – 60 005 теңгеге дейін артады. Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 70 жастағы зейнеткердің зейнетақысы 2025 жылы 171 588 теңге болса, 2026 жылдан бастап ол 192 816 теңгеге дейін көтеріледі, яғни 10% өседі. Бұл сомаларға БЖЗҚ төлемдері кірмейді.

Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылар да өседі:

  • 1-3 бала туғанда – 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, 4 және одан көп бала туғанда – 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін;
  • көпбалалы отбасыларға – 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін, 10 баласы барларға – 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін;
  • I топтағы мүгедектерге – 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін, II топқа – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін, III топқа – 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлемдер де 10%-ға өседі. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатындарға қосымша беріледі.

Төлемдердің мөлшері жеке анықталады және соңғы екі жылдағы МӘСҚ әлеуметтік аударымдарына, табысқа, асыраушылар санына, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициентіне және сақтандыру өтіліне байланысты есептеледі.

2026 жылға зейнетақы жинағының жеткілікті шегі жарияланды

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2026 жылы зейнетақыны мерзімінен бұрын алудың ең төменгі шегін жариялады. Қор мәліметіне сәйкес, бұл шек орта есеппен 10%-ға өскен.

Жас ерекшеліктеріне қарай қазақстандықтардың зейнетақы жинағы шамамен мынадай:

  • 20 жаста – 3,7 миллион теңге
  • 25 жаста – 4,39 миллион теңге
  • 30 жаста – 5,12 миллион теңге
  • 40 жаста – 6,72 миллион теңге
  • 50 жаста – 8,57 миллион теңге
  • 60-62 жас аралығында – 10,7 миллион теңге.

Яғни, 2025 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіштер айтарлықтай өскен. Сонымен қатар шекті есептеуде 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет заңында бекітілген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер қолданылады. Ең төменгі жалақы – 85 000 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 69 049 теңге, күнкөріс минимумы – 50 851 теңге.

Фото: БЖЗҚ

Зейнетақы аударымын төлемегендердің шоттары бұғатталады

2026 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы аударымын төлемегендердің банктік шоттары бұғатталуы мүмкін. Үкімет енгізген жаңа ережеге сәйкес, міндетті аударымдар тек қызметкерлерге ғана емес, өзін-өзі жұмыспен қамтитындарға, жеке тәжірибесі бар тұлғаларға және платформалық жұмыспен айналысатындарға да міндеттеледі. Егер қарыз бес күн ішінде өтелмесе, шоттағы ақша қозғалысы шектеледі. Арнайы салық режимін қолданатын тұлғалар өз аударымдарын әр айдың 25-іне дейін төлеуге тиіс. Жеке тәжірибесі барлар мен кәсіпкерлер табысының көлемін өздері анықтайды, бірақ белгіленген шектен аспауы керек.

Қарыз алты айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе, салық органдары ескерту жібереді, ал 10 жұмыс күні ішінде өтелмесе, шот бойынша шығыс операциялары тоқтатылады.

2026 жылдан бастап жеке куәлік тегін, бірақ кей құжаттар қымбаттайды

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жеке куәлікті алғаш алу және жарамдылық мерзімі аяқталған соң ауыстыру тегін болады. Бұл өзгеріс азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға және рәсімдеуді жеңілдетуге бағытталған. Сондай-ақ, туу туралы куәлікті алғаш алу да тегін.

Алайда, кейбір құжаттардың құны өседі. АЕК 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге көтерілгендіктен, паспорттар, жүргізуші куәліктері және неке-қию қызметтері қымбаттайды:

  • 16 жасқа дейінгі паспорт – 17 300 теңге
  • 36 бет – 34 600 теңге
  • 48 бет – 51 900 теңге
  • Жеке куәлік – 865 теңге
  • Жүргізуші куәлігін алу – 5 406 теңге
  • Туу туралы куәліктің көшірмесі – 2 163 теңге
  • Неке қию – 4 325 теңге, ал ажырасу – 8 650 теңге.

Яғни, негізгі жеке куәлік пен туу туралы құжат тегін болса да, қосымша қызметтер мен ресми құжаттардың бағасы өседі, бұл 2026 жылдан бастап азаматтарға белгілі бір қаржылық өзгерістер әкелетінін білдіреді.

Фото: Stan.kz

Бағдаршамның қызыл түсіне өткендерге салынатын айыппұл мөлшері жарияланды

2026 жылдан бастап Қазақстанда бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен жүргізушілерге айыппұл өседі: 

  • алғашқы құқықбұзушылық – 10 АЕК (43 250 теңге)
  • қайталанса – 15 АЕК (64 875 теңге).

Сонымен бірге шетелден әкелінген көліктердің бағасы 4% дейін көтерілуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, бұл қосымша құн салығының өсуімен байланысты, әсіресе Қытайдан келетін автокөліктерге әсер етеді. Отандық көліктер бағасы салығы жоқ болғанымен нарық сұранысына байланысты қымбаттауы мүмкін.

Фото: Alexander Legky / Global Look Press

Қытайдан көлік алу қымбат әрі қиындай түседі

2026 жылғы қаңтардан бастап Қытайдан жүрілген автокөліктерді экспорттау қатаң бақыланады. Енді 180 күннен аспаған көліктер тек өндірушінің арнайы рұқсатымен ғана шетелге шығарылады, бұл Қазақстандағы бағаларды өсіруі мүмкін. Сарапшылар “сұр экспорт” тоқтайтынын, жаңа ережелердің ресми дилерлер мен тұтынушыларға әсерін айтады.

Сондай-ақ 2026 жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгеге көтерілгендіктен, көлік жүргізушілерінің айыппұлдары мен утиль алымы өседі. Мысалы, жылдамдықты асыру немесе қауіпсіздік белдігін тақпаған үшін айыппұл 21 625 теңгеге, утиль алымы 216 250 теңгеден басталады. Қозғалтқыш көлеміне қарай жеңіл көліктер үшін төлем 324 375 теңгеден 2,48 миллион теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар сақтандыру полистері де қымбаттайды.

Фото: favorit-motors.ru

Жаңа пәтерін екі жылға жетпей сатқандар салық төлейді

2026 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда пәтерді алғаннан кейін екі жылға жетпей сатқандарға табыс салығы енгізіледі. Қосылған бағаға 10% мөлшерінде салық салынады, ал 36 миллион теңгеден асатын сомаға – 15%. Ереже барлық жылжымайтын мүлік түрлеріне қатысты, бұрын тек 1 жыл күту жеткілікті болатын.

Қазақстандықтар баспанасын апаттан сақтандыруға міндеттелмек

2026 жылдан бастап Қазақстанда апатқа төтенше ұшырауы мүмкін өңірлерде баспананы сақтандыру міндеттеледі. Қалалықтар үшін құны – 50 мың теңге, ауылдық жерлерде 1-2 мың теңге шамасында болады. Сақтандыру ақшасын мемлекет басқаратын компания жинап, өтемақы төлеуді өз жауапкершілігіне алады. Жүйе тек су басу, орман өрті және жер сілкінісі қаупі жоғары аймақтарға қатысты.

 Үйді қолма-қол сатып алуға шектеу қойылады

2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңа тұрғын үйлерді сатып алу тек есепшот арқылы жүзеге асады; қолма-қол ақша төлеуге болмайды. Банктер тек тіркелген үлестік қатысу келісімі бар жағдайда ғана төлемдерді жүргізеді.

Сонымен қатар, барлық жаңа және қайта жаңартылған ғимараттар 18 ай ішінде энергия тиімділігінің талаптарына сәйкес постжобалық талдаудан өтеді. Егер сәйкессіздік анықталса, тапсырыс беруші мен құрылысшы оны заңда көрсетілген мерзімде түзетуге міндетті.

Бірнеше баспанасы бар азаматтарға салық көлемі артады

2026 жылдан бастап Қазақстанда бірнеше мүлкі бар азаматтарға салық мөлшері артады. Жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын мүлікке 2% салық салынады, яғни жылына 9 миллион теңге. Құны одан төмен болса, салық әр мүліктің бағасына қарай есептеледі. Баға нарықтық көрсеткішке қарамастан, "Азаматтарға арналған үкімет" арқылы анықталады. Сонымен қатар, 70 миллионнан асатын көліктерге, 500 мың теңгеден қымбат шарапқа және 10 мыңнан жоғары темекіге арнайы салық енгізіледі.

Фото: pixabay.com

Айлық табысы 3 млн теңгеден асатын жеке тұлғалар 15% жеке табыс салығын төлейді

2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табыс салығы прогрессивті шкала бойынша есептеледі. Жылдық табысы 36 миллион теңгеден төмен азаматтар 10% салық төлесе, 36 миллионнан асатындар – 15% төлейді. Барлық табыс, оның ішінде қосымша жұмыс пен шетелдік кірістер де есепке алынады, бірақ салық жеңілдіктері шегерілгеннен кейінгі таза табыс негізінде есептеледі.

Қазақстандықтардың ақша аударымдары тексеріледі

2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке тұлғалардың мобильді ақша аударымдары қатаң тексеріске түседі. Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ережесіне сәйкес, тексеру екі жағдайда жүргізіледі: 

  • бір банктік шотқа үш ай ішінде 100 және одан көп әртүрлі тұлғадан ақша түсуі немесе осы кезеңдегі жалпы түсім мөлшері ең төменгі жалақының 12 есесінен асуы. 

Бұл талап жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметтен табыс табуы мүмкін деген күдік туындаған жағдайларға қатысты қолданылады.

2026 жылдан бастап МӘМС ережесі өзгереді

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті медициналық сақтандыру жарналарының төлеу тәртібі өзгереді. Сөйтіп жұмыссыздар мен әлеуметтік осал топтарға жарналар жергілікті бюджеттен төленеді, өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен арнайы салықтық режимдегі азаматтар – интернет арқылы берілмек.

Енді жарна төлемегендер үш ай бойы медициналық көмек ала алады, ал кемінде 5 жыл тұрақты жарна төлегендерге қызмет алу мерзімі 6 айға ұзарады. Жеке тұлғалар үшін ең жоғары жарна ең төменгі жалақының 20 есесіне дейін шектеледі.

Яғни, МӘМС жүйесі уақытша қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарды медициналық қызметтен айырмайды, бірақ кейін төленбеген жарналар қалпына келтірілуге тиіс.

Фото: pexels.com

Қазақстанда кейбір медициналық қызметтердің тарифтері көтерілмек

Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесі аясында жұқпалы аурулар, кардиология, неврология, нефрология, гастроэнтерология, травматология, эндокринология және абдоминалды хирургия бағыттары бойынша тарифтерді арттыруды жоспарлап отыр. Қосымша қаражат онкологиялық қызметтерді, жедел жәрдем мен бастапқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыруға жұмсалады.

Фото: freepik.com

2026 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға салық жеңілдіктері жойылады

Жаңа кодексте тек үш шегерім қалады:

  • базалық 30 айлық есептік көрсеткіш, (117 960 теңге)
  • әлеуметтік төлемдер әлеуметтік салық шегерімдері (бірінші/екінші топ мүгедектерге 5 000 айлық есептік көрсеткіш (21 625 000 теңге)
  • үшінші топ мүгедектер мен ҰОС қатысушыларына 882 айлық есептік көрсеткіш (3 814 650 теңге).

Салық органдары бұл өзгеріс жалақыны көбейтеді дейді, бірақ сарапшылар көп адамдар үшін ипотека, білім және медицина шығындарына берілетін жеңілдіктер жоғалып, нақты қолға түсетін ақша артпайды деп есептейді.

Қазақстандықтарға кей тауарларды заңды түрде алып келуіне рұқсат беріледі

2026 жылдан бастап қазақстандықтар ЕАЭО елдерінен жеке мақсатта келесі мөлшерден артық тауар әкелсе, бұл кәсіпкерлік мақсаттағы импорт саналады:

  • жыл ішінде тауар құны 360 МРП-ден асады;
  • бір жыл ішінде бір адамға:
  • былғары немесе түлкі, тері бұйымдары (бас киімдер қоса) – 1-ден көп;
  • ұялы телефон – 2-ден көп;
  • планшет – 2-ден көп;
  • стационарлы немесе портативті компьютер мен керек-жарақтары – 2-ден көп;
  • зергерлік бұйымдар – 5-тен көп;
  • велосипед – 1-ден көп;
  • балалар арбасы – 2-ден көп;
  • көліктер, оның ішінде бөлшектелген күйде – 1-ден көп.

Аталған шектерден төмен әкелінген заттар жеке мақсатқа саналып, кедендік төлем төлеуге жатпайды.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 01 Қаңтар, 2026 09:00