Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халықтың қалтасына қол салу": Экономистер дивидендтерге 20%-ға дейін жеке табыс салығын салуға қатысты пікірін айтты

Депутат Ерлан Саиров табыс мөлшеріне қарай, акционерлердің дивидендтеріне 5%-дан бастап 20%-ға дейін жеке табыс салығын салуды ұсынып отыр. Дегенмен экономистер дивидендтерге жоғары пайызбен салық салынса, елде мұндай қаржы құралына қызығатындар азаяды және пайдасын жасыруға тырысатындар көбейеді. Stan.kz ақпарат агенттігі экономистерге хабарласып, бұл ұсынысқа қатысты пікірін білді. 

Дивиденд – акционерлер арасында бөлінетін белгілі бір компанияның табысы. Инвестор үшін бұл пассивті кіріс алу тәсілі. Ол акционерлік қоғамның бағалы қағаздарын сатып алып, олардан пайда алуы мүмкін. Ерлан Саировтың сөзінше, жеке тұлға дивидендтерінің мөлшеріне қарай жеке табыс салығын төлегені дұрыс. Мысалы, ол былай есептеуді ұсынады: 

  • 30 000 АЕК-ке дейін дивиденд болса – 5% ЖТС, (2025 жыл бойынша, 1 АЕК – 3932 теңге, бұл шамамен 117 960 000 теңге);
  • 30 000 – 250 000 АЕК арасындағы дивидендтен түскен пайдаға – 10%;
  • 250 000 - 500 000 АЕК арасындағы пайдаға— 15%;
  • 500 000 АЕК-ден жоғары дивидендке 20% салық салуды ұсынып отыр. 

Сонда белгілі бір ірі компания әуелі корпоративтік табыс салығын (20%) төлейді. Одан кейін ол компанияның дивидендтін алған акционерлер тағы да жеке табыс салығы ретінде 5-20% аралығында салық төлеуге міндетті болады. 

Ал 9 сәуірде Депутат Ермұрат Бапи нақты банктердің акционерлері алатын дивидендке салық салу керек дейді. Оның сөзінше, Қазақстандық банктер – Орталық Азиядағы ең ірі банктер, олардың аккумуляциялық сомасы 55 триллион теңгеге жетеді.

"Осы банктер жыл сайын өз қожайындарына миллиардтаған дивиденд төлейді. Банктердің қоғам алдындағы, әлеумет алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында дивидендтерге салық салу мәселесін қарастыру керек. Біз бюджетті тығындау үшін осындай реформа жасап жатырмыз. Демек мұндай күрделі мақсаттарды жүзеге асыруға батыл кірісуіміз керек. Үкімет неге 100 миллион теңгеге дейін дивиденд алатын акционерге 10%, 1 миллиард алатын акционерге 15% салық салмайды?", – деді депутат.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттың бұл бастамасын қарастыратынын мәлімдеді. Бірақ ол 100 миллион теңгеге дейінгі сомаға 10% салық енгізуді тым көп екенін, мұндай сомаға салынатын салықты 5% көлемінде қарастыруға болатынын жеткізді. Сондай-ақ салық салу мәселесі тек банктердің акционерлеріне емес, сонымен бірге басқа ұйымдарға қатысты болатынын атап өтті.

Сарапшылар не дейді?

Қаржы саласындағы сарапшы Расул Рысмамбетов бұл ұсынысты қолдамайтынын айтады. Маман қаралып жатқан жаңа салық кодексінде көрсетілгендей, елде қосарлы құн салығы да, дивидендтің жеке табыс салығы да көбейсе, азаматтардың дамуын тежейді.

“Ең әуелі дивиденд деген не, ол қалай жұмыс істейді, оған қалай салық салынады – осыны түсініп алған дұрыс. Салық депозиттен түсетін табысқа салына ма, акционерлік дивидендтке салына ма немесе ЖШС дивидендтіне салына ма? Түсініксіз нюанстар көп. Меніңше, елдегі барлық салық түрін бұлай жаппай көтерген тиімсіз. Мұндай жағдай болса, акцияға, құнды қағазға ақша салатын адамдар азаяды. Адамдар салық төлеуге жеткізбей тұрып, пайда табудың, ақша шығарып алудың басқа амалдарын қарастыра бастайды. Мемлекеттік кірістер басқармасында барлығын бақылайтын түрлі ІТ құралдары бар. Сол арқылы түрлі шешімін қарауға болады. Мақсатымыз орынды-орынсыз түрлі әдіс арқылы бюджетті толтыру емес, бизнестер үшін бірдей, әділ жағдайды қамтамасыз ету, елге қажет салаларға басымдық беру екенін ұмытпау керек”, – дейді экономист. 

Экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, дивидендтен, облигациядан, құнды қағаздан немесе депозиттегі шоттан түсетін табыс адамның тікелей табысы емес. Егер оған жеке табыс салығы салынса, бұл қаржы құралына қызығатын азаматтар азаяды. 

“Бұл – ай сайын тұрақты алатын жалақы, мүлікті жалға беріп алатын ақы секілді табыс емес, рента сияқты нәрсе. Оның мөлшері де айтарлықтай көп бола бермейді. Бұл ұсыныс мақұлданса, дивиденд алатын акционерлер азаяды. Кейбір кәсіп иелері, инвесторлар дивидендтерін жасырып, жұмысшаларының жалақысын көтеріп немесе басқа өз шығындарын арттырып, дивидендін аз етіп көрсетуі мүмкін. Ал мемлекет үшін азаматтардың дивиденттерінің көп болғаны тиімді. Себебі ол инвестицияның көзі бола алады”, – дейді маман. 

Экономистің сөзінше, жоғары айлық алатын, бай-бақуатты адамдарға, олигархтарға, ірі компания басшылары мен банк басшыларына 20-25% прогрессивті салық салған дұрыс. Одан кейін ғана дивидендке салынатын салықты талқылаған орынды. 

“Негізі 2019 жылы президент бай-бағландарға прогрессивті салықты салыңдар деген еді. Бірақ біздің билік бес жарым жылдан бері оны іске асырмай келеді. Нәтижесінде миллиондап табыс табатындар да, еден жуып аз жалақы алатын адам да бірдей пайыз мөлшерінде салық төлеп отыр. Сонымен қатар еліміздегі үлкен қорлар, банктер, квазимемлекеттік кәсіпорындар өте көп пайда тауып отыр. Дүниежүзі тәжірибесіне сүйенсек, мұндай ірі компаниялар көбірек, шамамен 25%-дай cалық төлейді. Президент бұл мәселені де 2023 жылы айтып кеткен. Бірақ олигарх билігіміз әлі созып жүр. Сөйтіп соңында қосарланған құн салығын көбейтіп жатыр. Қосарлан құн салығы да, дивидендтерге жеке табыс салығын салу да – халықтың қалтасына қол салу”, – дейді ол. 

Сонымен қатар маман мемлекет бюджетті толтырып, экономиканы тұрақты ету үшін керексіз шығындарды азайту керек деп есептейді. 

Талқылау