Сәкен Майғазиев жұбайына "сіз" деп сөйлейтінін мойындады
Сәкен Майғазиев отбасындағы ер мен әйелдің сыйластығы жайлы сөз қозғады. Әнші жұбайы екеуінің бір-біріне "сіз" деп сөйлейтінін мойындады, деп жазады Stan.kz.
Көпке ой салар ғибратты әңгімесімен әнші Сәкен Instagram-дағы парақшасында бөлісті.
"Баяғыда бір жігіт үйленуге бел буып, қалыңдығын ат арбамен үйге әкеле жатса, ат сүрініп кетіпті. Жігіт: "Бір" депті қатқыл дауысымен. Сәлден соң ат тағы сүрініпті. Жігіт: "Екі-і-і" депті созыңқы үнмен. Елге жақындағанда үшінші рет сүрінген атқа "Үш" деп айқайлап, қосауыз мылтығын алып, атын атып тастапты. "Отағасы, мұныңыз не?" деген қатынына ері жалт қарап : "Бір" деген екен.
"Содан бері күйеуіме "Екі" дегенді айтқызбай келемін" деген екен, осы оқиғаны баяндап отырған әжеміз.
Бізде де "Бір" деген сан болды ғой, бірақ 2 мен 3 деген ескертулерді айтқызбай-ақ қойсын ҚҰДАЙ.
Мына заманда (атқаны нес(і) көзбен "атып" тыңдатудың өзі өнер ғой.
"Анасы маған "Сіз" деп сөйлемесе немесе мен анасына "Сен" деп сөйлесем көңіл күйіміз болмай тұрғанының белгісі. АЛЛА өмір берсе, қарттыққа жеткенге бір-бірімізге "Сен" демей өтсек деген тілек бар.
Ер азаматқа: "Аналарыңның разылығы – АЛЛАның разылығы", десе, әйелдерге: "Күйеулеріңнің разылығы – АЛЛАның разылығы" дейді. Еркектерге: "Сендердің жақсыларың – әйелдеріңе жақсы болғандарың" десе, "Дүниедегі ең жақсы нығмет – салиқалы әйел" деп асыл дініміз отбасылық өмірдің маңыздылығын көрсетіп қойған. Ерлі-зайыптыларға салих ұрпақ, баянды бақыт берсін. Бойдақтарға бір-бірінің қас-қабағына қарайлаған, ыммен ұғынысатын адал жар табуларыңызды тілейміз", – деп жазба қалдырды ол.