Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Singer жобасының қазылары Роман Кимнің жеңісіне сене алмай, дауыс санын қайта тексеріп шыққан

Қазақстандағы «I am a singer-2» жобасы өз жеңімпазын анықтаса да, бас жүлдені еншілеген Роман Кимге көпшіліктің көңілі толмай отырған көрінеді. Бұл жайында аталмыш байқауға қазылық еткен Сәкен Майғазиев Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Сәкен Майғазиев: Роман Кимнің жеңгеніне сенбей, дауыс санын тексеріп шықтық

«Біз қазылық еткен байқауда Роман Ким жеңді. Бірақ жұрттар Нұрболат Абдуллин алуы керек деді. Біреуі Айри алуы керек деді. Жасырмаймын, бүкіл жаһанға жар салдым менің фаворитім – Айри. Жасыратыны жоқ, Мақпал Жүнісова, Мақпал Исабекова бәріміз Айри лайық деп ойладық. Неге десеңіз бірде-бір рет сүрінген жоқ. Бірде-бір нотадан ауытқыған жоқ. Жасыратыны жоқ, басқа әншілерден оқ бойы озық тұрды. Бірақ байқау әділ өтті. Халықтың дауыс беруі арқылы таңдалды. Кәріс ағайындардың белсенділігіне тәнті болдым. Біздің бір кемшілік тұсымыз «Ой, біздің дауыс барады дейсің бе» – деп жайбарақат танытқандығымызда», – дейді Сәкен Майғазиев.

Бір қызығы Роман Ким жеңімпаз атағанда қазылар алқасы да сене қоймаған. Кәріс ұлтының өкілі бас жүлдеге ие болғанан кейін Мақпал Жүнісова дауыс беру процесін қайта тексерген көрінеді.

«Жеңімпаз анықталғаннан кейін Мақпал Жүнісова әпкеміз келіп: «Ертең менен халық сұрайды. Мен не деп жауап беремін? Жүріңдер!» – деп арнайы сол компьютер тұрған бөлмеге барып, өзі тексеріп келді. «Сәкен, өз көзіммен көрдім. Шынымен сондай деңгейдегі адамдардың саны Романға дауыс беріпті» – деді. Оған біз де қарсы болған жоқпыз. Роман да жеңуге лайықты азамат, еңбегі бар деген сияқты. Соның өзінде адамдар екіге жарылып жатыр. Финалға үш әнші шықты. Үшеуінің қайсысы бас жүлде алғанда да бәрібір пікірталас туындайтын еді. Ал, қуанышын жасыра алмай, Романды құшақтағанда Айридің адамгершілігіне риза болдым. Кезінде «Super Star Kz» жобасында Романға жанкүйер болған екен», – дейді Майғазиев.

Сәкен үшін нағыз жеңімпаз – Айри. «Музарт» тобының әншісі, Айгерім Рақышеваның (Айри) вокалдық қабілеті байқауға қазылық еткен Майғазиевтен де мықты екенін жасырмайды.

Сәкен Майғазиев: Роман Кимнің жеңгеніне сенбей, дауыс санын тексеріп шықтық

«Шынымды айтсам көрерменнің дауысымен Нұрболат ұтып кетеді-ау деп ойладым. Бірақ, фоворитім – Айри. Айри алмаса ұят болады-ау ойладым. Неге десеңіз, бұл халықаралық байқау болғандықтан әлем көріп отырғандықтан лайықты әнші алу керек деп ойладым. Себебі шет тілдердің кез-келгенін орындайды. Егер мен Айримен бірге сол байқауға қатысатын болсам, мен Айриге орнымды берген болар едім. Мысалы, бір үлкен байқауда маған жүлде ұсынған кезде мен оны «Формат» тобының әншісі Гүлсім Мырзабековаға ұсынған едім. Өйткені, ол мені екі орап алатын әнші. Халықтың махаббаты бөлек шығар, бірақ мен шынымды айтайын Айри, Гүлсім Мырзабекова тағы басқа да әншілердің орындаушылық шеберлігін мойындайтын қарапайым қасиетім бар. Қанша жерден танымалдыққа ие болайын, қанша жерден «Музарт» тобының әншісі болайын, мен мықтыны мықты деп мойындай алатын азаматпын», – дейді Сәкен.

Айта кетейік, жоба ұйымдастырушылары «I am a singer-2» әншілер додасының бас жүлдесін еншілеген Роман Кимге 50 миллион теңге табыстады.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау