Сәкен Бибосыновтың титулдық жекпе-жегі өтпейтін болды

Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосыновтың WBA нұсқасы бойынша титулдық жекпе-жегі өтпейтін болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол индонезиялық Сурия Дхармаға қарсы айқас өткізуі тиіс болған. Алайда жапониялық Saikou Lush промоушені белгіленген мерзімде жекпе-жекті ұйымдастыру мүмкін емес екенін мәлімдеді.
Негізгі себеп ретінде Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты туындаған логистикалық қиындықтар аталды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Жапония үкіметі Қырғызстан мен бірқатар өңірге сапар жасауға қатысты ескерту деңгейін көтерген.
Сол себепті Қырғызстанға ұшатын рейстердің қауіпсіздігіне кепілдік беру қиындаған.
Промоушен өкілдері бокс кеші толықтай тоқтатылмайтынын, тек уақытша шегерілгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2025 жылдың 20 шілдесінде Бішкекте өткізген. Сол айқаста ол филиппиндік Кристиан Леганені бірінші раундта нокаутқа түсіріп, айқын басымдықпен қарсыласын ұтты. Кейін ол Бішкекте жергілікті боксшы Адилет Качкынбековпен қолғап түйістіріп, жеңіске жетті.