“Сақалды, намазхан азаматтар…” Қала тұрғыны мопед жүргізуге куәлік санатын жасаймыз деп жұртты алдайтын алаяқтардың схемасын ашты
Соңғы жылдары қала ішінде қатынаудың ыңғайлы транспортына айналған мопедтерге қызығушылық артып келеді. Әсіресе бұл екі дөңгелекті техниканы табыс көзіне айналдыру үшін жастар тізгіндеуге бейім. Бірақ мопедті кез келген адам жүргізе алмайды. Оған куәлігіңізде арнайы “А” санаты болуы керек. Сұраныс бар жерде алаяқтардың да белсенділігі жоғары. Осы орайда Stan.kz сол жолдың схемасын анықтаймын деп біршама ақшасынан айырылған азаматпен әңгімелесті.
Желіде жеңіл жолды ұсынған жарнамалардан көз сүрінеді
Алаяқтардың құрбаны болған қала тұрғыны өзін Нұрдаулет деп таныстырды. Мотосаласында кәсіппен айналысады екен. Сол техникаларды сатып алуға келетіндердің дені жастар дейді. Солармен әңгімелесу барысында мопед жүргізуге қажетті “А” санатын алудың жеңіл жолдары барын естіген. Содан оның шынайылығына көз жеткізіп көруге бел буады.
“Ондай жарнамаларды әлеуметтік желіден, әсіресе инстаграмм парақшаларынан тез табуға болады дегеннен кейін мен де мұның арты қалай болатынын білейін деп шештім. Әрі қандай санаттарды сатып алуға болады, оларды кімдер істеп жүр деген оймен бұл схеманы анықтап көргім келді. Содан желіде іздеуді басқанымда мұндай жарнамалардың өте көп екеніне көз жеткіздім. Бәрінде бір ұсыныс: Тез, жылдам, санаулы күнде” дегендей халықты бірден елең еткізетін, арбайтын жарнамалар. Солардың бірін таңдап, байланысқа шықтым. Сөйлесу кезінде олар 60 мың теңгеге жасай алатындарын айтты. Бірақ алдымен 50 пайыз ақшаны аударып жіберу керек екен. Әрі ойланып, бері ойланып, ақыры бастағам ойымды аяғына жеткізу үшін бастап кеттім, - дейді ол.
Бір ерекшелігі әрбір жарнама арқылы сөйлескен адам ақша аудару үшін телефон нөмір жібермейтін көрінеді. Нұрдәулет соны байқапты. Әрі елдегі ең таныс банктердің бірінің есепшот картасын ғана ұсынады. Сол жерге ақша аударасың.
“Мен хабарласқан адам өзін Рамзан Омаржанович деп таныстырды. Әрі өзінің әр категорияға байланысты бағалары барын айтты. Мұнан кейін карта нөмірін жіберді. Сол шотқа алдын ала төлем жасауды ұсынады. Сосын 2 күннен кейін дайын болатынын ескертті. 2 күн өткеннен кейін ол “дайын болды” деп куәліктің суретін және ішкі істер министрлігіндегі куәлікті растайтын құжатты скриндеген. Сіз суретті көре сала оны алуға тырысасыз ғой. Бірақ бір қызығы куәліктегі санаттардың қатарында қосымша тағы өзгесін де қосып қояды. Артық категориялардың барын ескертіп, ХҚКО басшылығы бұған қосымша ақша аударуды сұрап жатқанын айтып тағы сізден қаржы сұрайды. Сосын қолына куәлігіңізді ұстап отырған суретіңізді жібереді. Мұны көрген соң амалсыз ақша аударуға мәжбүр боласың. Ақша сұрауы мұнымен тоқтамайды. Сізге курьермен жібереміз немесе белгілі бір жерге келіңіз, бірақ тағы ХҚКО басшылығына есеп өткізуіміз керек деп қосымша 20-30 мың теңге талап етеді. Сонымен оны берсеңіз ең соңында сізге бейнетаспаға өзіңізді түсіріп, біздің қызметіңізге алғыс айтқан видео жолдаңыз деген ұсынысын және айтуға тиіс дайын сөздер шаблонын жібереді. Мұнан кейін курьерге ақша төлеу керек деп тағы ақша аударуды сұрайды. Дәл осылай алаяқтықтың процесі жалғаса береді. Қалтаңыздағы соңғы ақшаңызды алғанша арбауын қоймайды, - дейді Нұрдәулет.
“Қазақстанда көбіне сақалды, намазхан азаматтар жасайды деген сөз бар”
Нұрдәулет алаяқтық схеманы бәріне сұраған ақшасын аудармасам да, процестің қалай болатынын анық көрдім дейді. Тіпті осындай арбаушылардың артында Ресейде отырғандар тұр дегенге тоқталады.
“Мен бұл жолдардың бәріне ақша аудармадым. Тек алғашқы жарнаны беріп, процестің қалай жүретінін көрдім. Осылайша алаяқтыққа нақты көз жеткіздім. Кейін ғаламтор беттерін парақтасам қазақ тіліндегі дәл осындай жарнамалар өте көп екен. Бірақ сол парақшаларға өтсеңіз міндетті түрде орыс тіліндегі ер жігіттің немесе қыздың дауысы болады. Адамды бірден елітетін дауысқа сенбеуіңіз мүмкін емес. Осы жағдайларды тағы зерттей келе негізгі жарнама таратушылар Ресейде отырғандар деген сыбысты естідім, ал Қазақстанда көбіне сақалды намазхан азаматтар жасайды деген де сөз бар.
Мен мұндай қадамға не үшін бардым. Себебі өзім мотоцикл сатумен айналысамын. Ал менің саламда көп сұрақтар осы куәлік мәселесіндегі “А” санатына келіп тіреледі. Жастар қазір осы санатты тезірек алып, жеңіл жолын іздеп дегендей жиі әрекетке барып жатады. Бірақ мұндай жол жоқ. Оны міндетті түрде емтихан тасырып ала аласыз. Жастар осылардан өткісі келмейді. Алаяқтар да міне сол осал тұсты өз арам пиғылдарына пайдаланып жүр. Тағы бір алаңдайтыным жақын күндері Алматы қаласында мопедтерге байланысты жаңа қаулы қабылданады деп отыр. Егер заң қатаңдатылса онда алаяқтардың саудасы қатты қызады. Өйткені жастар жеңіл жол іздеуге бейім. Сондықтан осы мәселемен қоғам болып күресу керек деп ойлаймын, - деп қорытындылады сөзін қала тұрғыны.
Заңгер не дейді?
Белгілі заңгер Думан Көпбаев елімізде мопед тізгіндеу үшін “А1” және “А” санаттары 16 жастан асқан азамттарға берілетінін айтты. Сөзінше бұл екі категорияны алу үшін арнайы мектепте оқудың қажеті жоқ, тек теориялық және тәжірибелік емтихан тапсырсаңыз болды. Бірақ көпшілігі заңнан хабарсыз болғандықтан жарнамаларға ілесіп, алданып жатады дейді.
“Соңғы кезде сан түрлі жарнамалардың көбі рас. Оның ішінде алдап жатқандары бар, шын жасап беріетіндері бар дегендей. Бірақ бұл жерде қылмыстық жауапкершілік бар екенін естен шығармау керек. Егер де заңсыз іс әрекеттер анықталса қылмыстық кодекстің 190-бабымен жауапкершілікке тартылады. Бұл алаяқтық, бөтеннің мүлкін жымқыру, сенімді теріс пайдалану арқылы ақшасын иелену. 1000 АЕК-ке дейін айппұл салынады немесе 600 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сонымен қатар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер ХҚКО мамандары алдайтын болса онда олар мемлекеттік қызметкер ретінде 366-бап, пара алу бойынша қылмыстық жауапқа тартылады.
Заңгер ретінде кеңесім: адамдармен сөйлескенде телефонын, кімдер арқылы танысқанын және Ватсап мессенджері арқылы жазысатын болса аудио, видео сынды барлық хабарламаны сақтап отыруы тиіс. Екіншіден егер тікелей сөйлессе, кездессе телефонның аудиосын қосып соған жазып жүру, аттарын толық білу шарт. Сол кезде нақты айғақпен өз құқыңызды дәлелдей аласыз, - дейді заңгер.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
