Сағынтаев Сапарбаевты клондауды ұсынды
Ақтөбеде іссапармен жүрген премьер-министр өңірдегі жетістіктерге көз тоймайтынын жеткізді.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Ақтөбенің тартымдылығын айта келе, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғысын білдірд.
«Ақтөбе қаласына сырттан келгісі келетіндер көп. Қала несімен тартады екен? Рас, бұл жерде әкімнің еңбегі зор. Бәлкім оны клондау керек шығар», — деп қалды үкімет басшысы.
Залға жиналған халықтың қол соға бергені сол еді, Сапарбаев ишара танытып, дереу тоқтатты.
Премьер-министр облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтеріп келе жатқан нысандарды аралап шыққан болатын.
«Болашақта халқының саны миллионға жетуі мүмкін Ақтөбе облысында жеке кәсіпкерлер де керемет нысандарды тұрғызып жатыр. Әлеуметтік нысан құрылыстарын жекеге тапсыру керек сияқты. Әрі арзанға шығады, әрі сапасы да жоғары», — деді Бақытжан Сағынтаев.