Сабина Алтынбекова өзін "ажырасқан" деп көрсеткен БАҚ-ты сотқа беремін деп қорқытты

Танымал қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова sport.orda.kz редакциясына ашық түрде үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Спортшының айтуынша, өзі туралы жазылған материалдарда оның отбасылық жағдайы “ажырасқан” деген сөзбен “қайта-қайта ерекше атап көрсетілген”.
“Ажырасқан” деген бір сөзді жапсырмаға айналдыруға тырысатынын қызыға бақылап отырмын. Спортшы емес. Әйел емес. Тұлға емес. Дәл солай – “ажырасқан”. Бірақ ажырасу – таңба емес. Бұл – өмірдің бір кезеңі. Мен – әйелмін. Мен – анамын. Мен – кәсіби маманмын. Менің мәртебем құндылығымды анықтамайды. Қазақстан әйелдері өзгенің сценарийімен өмір сүруге міндетті емес. Біз өз өмірімізді таңдауға құқылымыз. Жапсырмасыз, қысымсыз, менсінбеушіліксіз!” – деп жазды ол.
Ол жеке өміріне қатысты мәліметтерді таратуға келісім бермегенін жазды. Сондай-ақ ақпаратты берудің мұндай тәсілін қорлайтын, жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығын, сондай-ақ ар-намыс пен қадір-қасиетін бұзатын әрекет деп бағалады.
“Мұндай ақпарат ұсыну тәсілі қорлайтын сипатқа ие, әрі Қазақстан Республикасының заңнамасымен, соның ішінде “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Қазақстан Республикасының Заңымен кепілдендірілген ар-намысым, қадір-қасиетім және жеке өмірге қол сұқпаушылық құқықтарымды бұзады”, – деді ол.
Волейболшы жазба соңында талап қойды. Талаптар белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, сотқа жүгінетінін алға тартты.
- Ол жеке өміріне қатысты мәліметтерді алып тастап, материалдарды жою немесе өңдеу;
-
7 күн ішінде ресми кешірім сұрау (немесе терістеу) жариялау;
-
Талаптардың орындалғаны туралы маған жазбаша түрде хабарлау.
“Егер талаптарым белгіленген мерзімде орындалмаса, өз құқықтарымды қорғау және моральдық зиянды өндіру үшін сотқа жүгінуге мәжбүр боламын”, – деп ескертті ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қуат Хамитов Сабина Алтынбековаға ұсыныс жасағаны хабарланған еді.