Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сабақ оқитын балаларға қиын": Баспанасы суға кеткен ақтөбеліктер жаңа қоныстағы интернет сапасына шағымданды

Су тасқынының салдарынан зардап шегіп, баспанасыз қалған Ырғыз ауданы Нұра ауылының тұрғындары осындан бір ай бұрын Сарыоба деген жерге орныққан. Алайда жергілікті халықтың айтуынша, байланыс пен интернеттің сапасы сын көтермейді. Stan.kz тілшісі Ырғыз ауданының әкімдігіне сұрау салды. 

Фото: Ауыл тұрғындарынан/Stan.kz

Нұра ауылының тұрғыны Сарыоба (Жаңа Нұра) деп аталатын жаңа қоныста байланыс мәселесі шешілмей тұрғанын айтады.

“Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра ауылының халқы жаңа қонысқа келгеніне бір айға жуық уақыт болды. Бірақ әлі күнге дейін байланыс пен интернет мәселесі шешілген жоқ. Байланыс мұнарасы дайын тұр. Байланыс үшін қырға немесе далаға шығу керек. Әсіресе, сабақ оқитын балаларға қиын. Күн суыды. Байланыс үшін далада, қырда жүреміз”, – деп жазды тұрғындардың бірі Қайрат Айжарқынұлы.

Қазір жаңа қоныста 63 түтін бар. Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, ауылда 3G ұстайды.

“Ырғыз ауданының Нұра ауылында “Қазақтелеком” байланыс жүйесі қолжетімді. Бүгінгі күнге 28 үйге интернет жүргізілді. Келесі аптада тағы да келіп түскен өтінімдер бойынша жұмыстар жалғасады. Әзірге, Нұра ауылына электр жүйесі уақытша жабдық арқылы жеткізіліп жатыр. Толық жабдықталған электр қуаты жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Осыдан соң, Beeline және Activ байланыс жүйелері де іске қосылады”, – деп мәлімдеді облыс әкімдігі.

Бұған дейін үйлері су астына кеткен ақтөбеліктер жаңа мектептің салынбайтынына наразылық білдірген еді.

Талқылау