Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар YaYa стартапына жаппай шағымданды: Ата-аналар – ақшасыз, ал балалар – үйірмелерсіз қалды

балалар орталықтарына Yaya ақша төлемей қойғанФото: App Store скрин

Желі қолданушысы Данара Ақылбекқызы YAYA Children сервисіне қатысты шағымын жариялады. Әйел қызын ағылшын тілі мен сурет үйірмесіне апару үшін жылдық абонемент сатып алған, бірақ компания бірнеше ай бойы төлем жасамағандықтан орталықтар баланы қабылдаудан бас тартқан. Ата-ана сервиске бірнеше рет хабарласса да нақты жауап ала алмаған, керісінше әлеуметтік желідегі жағымсыз пікірлер өшірілген. Абонементті қайтару кезінде толық соманы емес, жартысын ғана ұсынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Данара Ақылбекқызы желідегі парақшасынша білім беру абонементін ұсынатын YAYA Children сервисіне қатысты сын-пікірін жазды. 

"Жалпы, сервистің абонементін сатып алдық, ал қазір олар біз баратын орталықтарға төлем жасамай жүр екен. Қызым ағылшын тілі мен сурет сабақтарына барады. Сол жерлерге уақытқа ыңғайлы болып, үйреніп қалған едік. Ал кеше маған сервистің 3 ай бойы төлем жасамағаны туралы жазды. Сондықтан біз тіркеле алмай отырмыз. Ал бүгін ағылшын тілі де дәл сондай хабар жіберіпті. Айтарым, ашулымын, бірақ оны жеткізу қиын", – дейді Данара Ақылбекқызы.

Ата-ана мұндай әдемі жарнамалар мен блогерлерге сеніп қалмау керек екенін айтып ескерту жасады. Оның айтуынша, сервистің сату бөлімі қызметін өте жақсы ұсынады. 

"YAYA Children, бұл қалай? Неге орталықтарға төлем жасамайсыздар? Үйге жақын жерлерге ыңғайлы болсын деп, абонементті бір жылға сатып алдым. Ал сервис, керісінше, маған "Сіздер төлем жасаған жоқсыздар!" деп айтады. Ақшамды қайтарыңыздар! Әйтпесе, сотқа беремін! Компанияға бірнеше күн қатарынан жазып жүрмін. Ешкім тіпті қоңырау шалуға да келіспейді, түсіндіріп те бермейді", – дейді Данара Ақылбекқызы. 

Бұдан кейін ана сервиске қайта-қайта хабарласқанымен, нақты жауап ала алмағанын, керісінше, әлеуметтік желідегі жағымсыз пікірлердің өшіріліп жатқанын мәлімдеді. Ол мұны тұтынушылардан шындықты жасыру әрекеті деп санап отыр.

"YAYA Children компаниясы инвестиция жағынан мықты қолдауға ие. Негізін қалаушы Лаура Ералиева екен. Компания өзі құрылған уақыт аралығында 600 мыңнан астам доллар көлеміндегі инвестиция тартыпты. Онда кәсіпкерлерден, 500 Global қоры, Amanat Capital, Axiom Capital және Astana Technology Fund қорларынан кіріс тартқан. Стартап бағасы қазір 10 миллион долларға жеткен, ал өткен жылы айналымы 2,7 миллион доллар болды. Солай болса да, адал қызмет көрсететін орталықтарға төлем жүргізбеуі түсініксіз. Білікті мамандар өз жұмысын істеп, оқушыларды оқытады. Ал сіздер төлемді кешіктіресіздер немесе мүлде елемейсіздер. Мұны инвесторлық қаржы мен компания мақтанатын көрсеткішке сәйкес келмейтін өте кәсіби емес әрекет", – деп Данара Ақылбекқызы компанияны айыптады.

Кейін абонементтен бас тартып, ақшасын қайтаруды талап еткен.

"3 ай бұрын жылдық абонемент сатып алдық, 9 қыркүйекте активтелді. Бірақ қазір маған тек 160 мың теңге қайтарылады деп есеп берілді, ал абонементтің толық құны 360 мың теңге. Мен мұнымен келіспеймін. Қаржыны қайтару үшін не істей аламыз? Тіпті бөліп төлеуді де жаба алмаймыз. Жарайды деп,  жаңа аптаға жазылғым келді. YAYA Children әрдайым кестесін 1-2 аптаға дейін шығаратынын уәде еткен. Бірақ маған қайтадан төлем болмағаны айтылды. Неліктен менің балам бұрынғы достары мен ұстазына үйренген жеріне бара алмайды? Сіздер төлеу жасамаған себебінен баламды неліктен жаңа орынға апаруға мәжбүр боламын?" – дейді Данара Ақылбекқызы.

Оқиға қоғамда резонанс туғызғаннан кейін, компания өкілдері толық соманы қайтаруға дайын екенін білдірген. Бірақ шарт ретінде NDA – құпиялылық туралы келісімге қол қоюды және барлық жазбаларды өшіруді талап еткен. Алайда Данара Ақылбекқызы бұл ұсыныстан бас тартып, ақпаратты ашық қалдыруды жөн көрген. Әйел осы жағдай арқылы басқа ата-аналарды сақтандыру мақсатында жасап отырғанын айтып, компанияның қызмет сапасына күмән келтірді. 

Осы жағдайдан кейін желіде сервиске қатысты теріс пікірлер көбейе бастаған. Астаналық ата-ана Әлия Ахметова баласының секциялар мен курстарға тұрақты қатысуына кедергі бар екенін атап өтті.

"Бала бірқалыпты оқи алмайды, үйірмелерге бара алмайды. Бір жерге енді үйренсек, сол орталық келісімді бұзады немесе балалар санын азайтады. Мысалы, А2 Фитнес бассейніне қазір орын табу мүмкін емес. Бәрі сіздердің төлемдеріңізге байланысты. Егер алдын ала білсем, абонементті сатып алмас едім. Қазір Гармония орталығы да, Күйші Дина мекенжайындағы ұстазы бар жерде, бағдарламаларды жауып жатыр. Қарызды төлеңіздер! Бала үшін үнемі мұғалімдерді және топты ауыстыру – үлкен стресс. Бұл баланың дамуына зиян келтіреді!" – деп ашынды Әлия Ахметова. 

Компания өкілдері ата-аналардың шағымына жауап беріп, жағдайды орталықтармен келісіп, шешім табуға тырысатынын жеткізді. Олар ата-аналардан байланыс нөмірлерін сұрап, жағдайды бақылауға алатынын хабарлады. Алайда кейбір ата-аналар компанияның әрекеті нәтиже бермейтінін айтады.

"Біз барып жүрген орталық бір аптаға сабақтарды тоқтатты. Оларға төлем жасалған деп айтылды, бірақ толық емес. Орталық жетекшісі осы аптаға жазылымды ашатынын айтты, ал кейін қалай төленетінін білмейді және мүмкін одан әрі жұмыс істеумеуі мүмкін", – деді Әлия Ахметова.

Фото: Әлия Ахметованың желідегі парақшасынан скрин

Дегенмен YAYA Children компаниясының өкілдері қайта жауап беріп, ата-аналардың уайымын түсінетінін айтты. Олар барлық орталықтармен байланыста екенін, тұрақты сабақтардың жалғасуы мен ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Компания туралы не белгілі?

Қазақстандық Лаура Ералиева Yaya стартапының негізін қалаған. Forbes.kz порталына берген сұхбатында әйел стартап идеясын қалай ойлап тапқанын, оны дамыту жолын және болашақта масштабтау жоспарын айтып беріпті.

Лаураның айтуынша, ол бала кезінде өте белсенді болып, әртүрлі бағыттарда дамып, спортпен айналысқан. Ата-анасының қолдауымен ол Қытайда оқуға мүмкіндік алып, Шанхайда Farfetch компаниясында тағылымдамадан өткен. Осы тәжірибе оған масштабты ойлауды үйреткен. Қазақстанға оралған соң, Лаура ChocoFamily компаниясында жұмыс істеп, кейін WonderWomen жобасында кофаундер болған.

Кейін декрет кезінде Лаура өз тәжірибесін кеңейтіп, продакт-менеджмент бойынша білім алған көрінеді. Сол кезеңде ол баласына күтуші іздеп, нарықта арнайы сервис жоқ екенін байқап, жеке стартап құруға бел буған. Бірнеше сынақтардан кейін нарықта үлкен сұраныс бар екенін көріп, няняларды оқыту және сертификациялау арқылы жобасын дамытқан.

Фото: YAYA Children сайтынан

Кейін Лаура жаңа идеяға келіп, Алматыдағы балалардың дамыту орталықтары мен спорт секцияларын бір платформаға біріктіретін абонемент жасау туралы ойлаған. Осылайша, әйел орталықтармен келіссөз жүргізіп, цифрландыру арқылы бизнес пен клиентке пайда әкелетін өнімді жасап шығарған.

Yaya стартапы 2023 жылы акселерациялық бағдарламаға қатысып, қысқа уақытта команда жинап, алғашқы релизді жасап, кейін in-house команда құрылған. Жобаның алғашқы бастамасында инвесторлардан 100 мың доллар тартылып, бағасы 2 миллион доллар деп бағаланған. Қазір Yaya Алматыда 250-ден астам орталықпен және 400-ден астам кружокпен жұмыс істейді екен.

STAN.KZ
Бейсенбі, 27 Қараша, 2025 17:08
Талқылау