Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Майғазиевпен дуэт жазып танылған “Арай” тобының неліктен тарап кеткені белгілі болды

Екі жігіттен құралған “Арай” тобының ғұмыры ұзақ болмады, бірнеше жыл жұмыс істеген дуэт ақыры тарап тынды. Екіге кеткен жігіттер бұған дейін мəн – жайды түсіндіріп те ақпарат бермеді. Бұл ретте топтың экс-мүшесі Рысбек Аташ бүгін Stan.kz тілшісіне біраз сырды ашты.

maxresdefault

Рысбек, сəлем. Жеке əнші болғалы сирек көрінетін болып жүрсіз. Əңгімені даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан бастайықшы. “Арай” тобы неге жұмысын тоқтатып, бөлек кетті?

– Əр басы бар істің соңы да болады. Мəңгілік ештеңе жоқ. Сондықтан, топтың жұмысын осы жерден тоқтатуды жөн көрдік. Бұл екеуміздің кеңесіп қабылдаған шешім болды. Екеуміздің музыкаға, өнерге деген жеке – жеке көзқарасымыз бар. Соларды іске асырып көруді жөн санадық. Əрине, ел ішінде “орталарынан қара мысық өтіпті” деген сыбыс жүр. Бірақ, ол шындыққа жанаспайды. Қанша жыл бір нанды бөліп жеген бауырымызбен ұрыс – керіс, дау-жанжал болмады. Тек əркім өз жеке жүруді жөн санадық. Сахнада бірге əн салмасақ та, бір сахнада төбе көрсететін кездеріміз болатыны анық. Жəне өмірде де күнде кездеспесек те, көрген жерде аман-саулық сұрасып тұрамыз.

– Алайда, енді жұмыстарыңыз шарықтап, хиттеріңіз көбейген кезде топтың жұмысын тоқтатқанға өкінбейсіздер ме?

– Жоқ, еш өкініш жоқ. Жеке жүріп те əлі талай хиттер жазатынымыз анық, Алла қаласа. Енді хит көбейіп, шарықтау кезі басталғанда топ тарады деп емес, қазақ шоу бизнесінің тарихында “ең ұзақ ғұмыр жасаған топ” деген рекорд жасай алмағанымызға аздап іштей қынжыламын. Себебі, “Арай” тобына сонау “Арна” деген уақыттан бастап талай еңбек, күш-жігер салынды. Медет екеуміздің ішімізден шыққан баламыздай. Топтың тарағанына еш өкініш жоқ. Алайда, іште қимастық сағыныш бар.

Screenshot_2017-08-29-15-02-52-1

– Жеке шығармашылықты топпен қатар алып жүру мүмкін болмады ма? Бұл тəсілді қазір көптеген əріптестеріңіз қолданып жүр. Неге сіздер де тəжірибе жасап көрмедіңіздер?

– “Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді”. Бұл нақылды білмейтін қазақ жоқ шығар?! Меніңше, өте орынды айтылған сөз. Расында, біресе топқа, біресе жеке шығармашылыққа көңіл бөлу өте қиын. Нəтижесінде, екі жақтан да сапалы дүние шықпай, ұятқа қалу қаупі зор. Сондықтан, бір іске білек түріп кірісіп, содан үлкен нəтиже шығарған жөн деп білемін. Осы мақсатпен біз жеке-жеке шығармашылықты дамытуды жөн көрдік.

– Жарайды, ендеше топ тарағалы бері сіз қандай жұмыстар жасадыңыз?
– Қыруар жұмыс жасап, тау қопардым деп айта алмаймын. Осыған дейін жеті əн жаздым. Барлығы ғаламторға шығып, тыңдарманға жол тартып үлгермеді. Болашақта əлі тыңдайсыздар. Қазір үлкен ізденіс үстінде жүрмін. Ерекше дуэттер жазсам деген ниетім бар.

– Дуэт жазатын əріптестеріңізді таңдап үлгерген шығарсыз?

– Жоқ, əзірге екі ойлы болып, ізденісте жүрмін.

Screenshot_2017-08-29-15-02-33-1

– Ал, халықтың ықыласында өзгеріс бар ма?

– Өз басым ешқандай айырмашылық байқамадым. Топпен жүргенде қандай қошемет көрсетілсе, жеке де сондай ілтипатпен қабылдауда. Сондай кең пейіл қолдаулары үшін көрерменге, жанкүйерлеріме, жалпы өнерсүйер қауымға дəн ризашылығымды білдіремін.

– “Арай” тобының репертуарында əдемі, хитке айналып, тыңдарман ілтипатына бөленген əндер көп болды. Олар енді кімнің меншігінде қалды?

– Топ репертуарындағы əндердің басым бөлігінің авторы – өзім. Алайда, “Арай” тобының қоржыныдағы əндер “Арайдың” тарихында қалу керек деп шештік. Сондықтан, орындау құқығы ешкімнің меншігіне өтпеді.

– Өзіңіз продюсер болып, жас жігіттерді қамқорлығыңызға алған едіңіз. Қазір ол жұмысыңыз қалай өрбуде?

– Өнер жолы қиын. Ол қиындыққа шыдап, сынақтарға сынбайтындар аз. Мен қанатымның астына алып, продюсерлік еткен жігіттермен əртүрлі себеп-салдардың нəтижесінде жұмысты тоқтаттық. Қазір əрқайсысы өз ауылдарында, қалаларында қызмет етуде. Бірақ, жанымда жүрген жігіттердің жағдайы жаман болды деп айта алмаймын. Үлкен қолдау көрсетіп, бағыт -бағдар, жол сілтедім. Оны өздері де мойындайды деп сенемін.

– Ал, өзіңіздің демеушіңіз, продюсеріңіз бар ма?

– Жоқ. Мен өнер жолында құлай-құлай қатайған, адаса-адаса жол тапқан адаммын. Сондықтан, маған продюсер деген жолкөрсетушілер аса қажет деп ойламаймын. Бəлкім, үлкен концерттік кеш өткізетін болып жатсам ағалық қамқорлық көрсететін демеушілер қажет болатын шығар. Ал, əзірге өзімнің ойымды іске асыруға өзімнің қаражатым жетеді.

– Алматыдан өте сирек көрініп жүрсіз. Шамасы, Ақтауға қоныс аударған сияқтысыз. Солай ма?

– Бұған дейін 4-5 ай Ақтауда болдым. Себебі, жеке шығармашылыққа кірісу үшін үлкен дайындық керек болды. Жаңа əндер, жаңа образ, стиль. Мұның бəрін ойлап қалыптастыру үшін Ақтауға барып, мамандардың кеңесіне, ақылына көңіл бөлдім. Үлкен ізденіс пен дайындықтан соң міне, қайтадан Алатаудың бөктеріне түбегейлі келдім. Енді, бұл қаладан іздеген кездеріңізде таба аласыздар.

– Ендеше, жаңа қадам, жаңа бастама, өнердегі жеке əнші ретіндегі жаңа ісіңіз берекелі, табысты болсын! Хит әндеріңіз көп болсын!

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Жіберіп алмаңыз:

Ернар Айдардың үйлену тойы Таразда дүркіреп өтті (фото,видео)

Махаббат деп осыны айт: Ақбота Керімбекованың жүрегін жаулау үшін күйеуі 10 жыл дайындалған (фото)

Ақбота Керімбекова ата-енесімен ара-қатынасы жайында бар шындықты айтты

Өзбек емеспін: Сиви Махмұди ұлтына қатысты сұрақтың нүктесін қойды

Талқылау