Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мектепте бар болғаны 3 сынып оқыған": Ер адам 13 жастағы өгей қызын отыз жастағы ер адамға тұрмысқа берген

Руслан Өтепбай отбасының ауыр жағдайын көрсеттіФото: Видеодан скриншот

Танымал журналист Руслан Өтепбай Youtube-арнасындағы тәуелсіз бағдарламасында Алматы облысы, Қарасай ауданында тұратын бір отбасының ауыр жағдайын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналиске жергілікті тұрғын көмек сұрап хабарласқан. Оның айтуынша, көршісі жуырда Қаскелеңдегі ауруханада төртінші баласын босанған, алайда дәрігерлер ақша талап еткен.

“Мұнда төрт балалы ана тұрады. Сізді шақыруымды өзі өтініп сұрады. Ол – Өзбекстан азаматы, қолында құжаттары жоқ. Әйелдің өзі қазір перзентханада, денсаулығына байланысты кесарь тілігімен босанған, сол үшін әйелден 200 мың теңге ақша сұраған. Сұраған соманы бермесе, перзентханадан шығармаймыз деп айтыпты. Бұл отбасының 200 мың теңге түгілі, нан алатын ақшасы жоқ. Күйеуі бар, бірақ 1,5 айдай жоқ болып кеше ғана келіпті”, – дейді Маржан есімді тұрғын.

Отбасының 2005 жылғы тұңғыш қызы Фатима 13 жасында өгей әкесінің шешімімен 30 жастағы ер адамға тұрмысқа берілген, мектепте бар болғаны 3 сынып оқыған.

“Бірінші күйеуіммен 8 ай ғана бірге өмір сүрдік. Кәмелет жасқа толмағанымды құзырлы органдар біліп, мені алып кетті. Былтыр 1994 жылғы ер адамға қайта тұрмысқа шықтым. Қазір бір ұлымыз бар”, – деді ол.

Отбасы жалдамалы пәтерде тұрады. Олар төрт ағайынды: екінші қызы Хадиша 13 жаста, үшіншісі – 7 жастағы ұл. Хадиша қатарластарынан 3 жылға қалып қойған, қазір 4 сыныпта оқиды, ал жасына сай 7 сыныпта болуға тиіс. Фатиманың сөзінше, 51 жастағы әкесінің бір емес, бірнеше отбасы бар.

“Сіңлімнің мектепке кеш баруына өгей әкем себеп болған. Ол “ұл мен қыз бір партада отыруы – харам” деген көзқарастағы адам. Кезінде маған да солай істеген, небәрі 3 сынып оқыдым”, – дейді ол.

Руслан Өтепбай әйелдің қызы және жергілікті тұрғынмен бірге перзентханаға барып, заңсыз ақша талап ету дерегі бойынша жауапты өкілдермен сөйлесті.

“Мейрамгүл Назаровадан ешкім ақша сұраған жоқ. Ол тіпті құжаттарға қол қойған жоқ. Ол келісімшартқа отырған жоқ, сондықтан ешкім қаражат талап еткен жоқ. Аман-есен шыға алады”, – деді перзентхана өкілі.

Отбасыға белгілі бір қордан 3 жылға тегін баспана берілді. 

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық қыз мұраны алу үшін әкесін маскүнем етіп көрсетпек болғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Бейсенбі, 08 Қаңтар, 2026 13:35