Рудныйдағы егіздердің өлімі: Полиция "балалар есірткіден улануы мүмкін" деген ақпаратты жоққа шығарды
Қостанай облысының Рудный қаласында алты жасар егіз ағайынды балалардың есірткіден уланған болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Полиция бұл ақпаратты растамады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Балалар есірткіден уланған болуы мүмкін деген ақпарат расталмады", – деп хабарлады Қостанай облысы ІІД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ полиция жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанай облысының полициясы Рудный қаласында алты жасар ағайындылардың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Аурухана дәрігерлерінің айтуынша балалардың жағдайы жақсы болған.
"Ауруханаға түскен кезде 2016 жылы туылған балалар аяқ-қолдарындағы әлсіздікке, дірілге, ұйқышылдыққа, эмоционалды тұрақсыздыққа шағымданған. Олар бөлімшеге жатқызылып, инфузионды терапиядан өтті. Анасының талабы бойынша балалардың жағдайы жақсарған соң, үйіне шығарылды", – деді Қостанай облысы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жилкибаева.
Кейін белгілі болғандай, екі бала да ауруханадан шыққаннан кейін 12 сағаттан соң үйінде көз жұмған. Олардың мәйітін анасы үйінен тауып алған.
"Шақыру орнына 21.20-да жеткен жедел жәрдем бригадасы екі баланың да биологиялық өлімін анықтады", – деді Жылқыбаева.
Қазіргі уақытта дәрігерлер балалардың өлімінің себебін айтпады. Тергеуді облыстық полиция қолға алып, қажетті сараптамалар кешені тағайындалды.
Еске салсақ, Қостанай облысы Рудный қаласында 6 жасар екі бала түсініксіз жағдайда көз жұмды.