Рудныйда бір үйдің екі баласы ауруханадан шыққан соң 12 сағаттан кейін көз жұмды
Қостанай облысы Рудный қаласында 6 жасар екі бала түсініксіз жағдайда көз жұмды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Балалар Рудный ауруханасына жедел жәрдем бригадасымен 12 қазанда сағат таңғы 8 шамасында түскен. Аяқтары жансызданып, денесі қалшылдаған балалар құсқысы келетінін айтып шағымданған.
"Балаларға инфузиялық терапия жүргізілген. Ауруханадан шыққанда балалардың денсаулығы қалыпты болған", - дейді Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.
Балалар ауруханадан шыққан соң 12 сағаттан кейін көз жұмған. Айта кетсек, балалар дәрігерлер бақылауында бір-ақ күн болған.
Анасы үлкен баласы үйде қараусыз қалуына байланысты балаларын ауруханадан шығарып алуға мәжбүр болған.
"Клиникалық және зертханалық талдама нәтижесі ешқандай ауытқуды көрсетпеді. Ауруханадан шыққан кезде балалардың жағдайы бірқалыпты болған, ойнап жүрген. 13 қазан таңертең үйіне кеткен. Сол күні, ауруханадан шығарылғаннан кейін арада 12 сағат өткенде қайтыс болған. Анасы үйіне келгенде балаларының денесін тауып алған. Шақыру орнына сағат 21.20-да жеткен жедел жәрдем бригадасы екі баланың да мерт болғанын тіркеді. Өлімнің себебі анықталып жатыр", - деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасы.
Жергілікті полиция осы фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.