Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жабайылық қой": Вице-премьер тұрғындарды жылыту маусымына өз беттерінше дайындалуға шақырды

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қыста жылудан қиналатын тұрғындарға суыққа өз бетімен дайындалуға кеңес берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

жылу

Фото: Pixabay.com

Роман Скляр кей жағдайда пәтерлердің салқын болуына ЖЭО емес, үйлердің өздерінің дайын болмауы себеп болып отырғанын атап өтті. Ол пәтер иелері коорпоративі немесе мүлік иелерінің бірлестігі үйлердің қысқа дайын болуын қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.

"Жылу электр станциясының жұмысы нашар емес, сіздердің үйлеріңіздің дайындығы нашар. Пәтер иелері өзі салқын мезгілге дайындықты бастауы керек. Менің жауабым – осы", – деді ол.

Вице-премьерден журналистер “жауапкершілікті тұрғындарға жүктеп жатқан жоқсыз ба?” деп сұрады. Скляр бұл сынды жоққа шығарып, тұрғындар жылу мәселесін болдырмауға болатынын мысал ретінде келтірді.

"Мені қалағаныңызша мазақ қыла аласыз, бірақ сөздің мәні өзгермейді. Әркім өз үйіне өзі жауапты. Мысалы, Петропавл немесе Павлодарда 80 жылдан асқан үйлер мен онда тұратын қарияларды, олардың баспанасын қалай дайындап жатқанын қараңыз – олардың арқа сүйер ешкімі жоқ.

Екібастұзда тұратын жастар апат болған кезде неге үйлерінен суды ағызбады? Тоғызыншы қабатқа дейін батареяларды ауыстыруға тура келді. Бұл – жабайылық қой. Олар “сантехник жоқ, КСК жоқ” дейді. Айтыңызшы, бұған кім кінәлі? Үйлерін сапалы дайындап жатқан жекеменшік бір қабатты үйлердің қожайындары сияқты жауапкершілікпен қарауымыз керек, өйткені арқа сүйер ешкім жоқ", – деді Скляр.

Бұған дейін Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық аяқталғанын, енді қыс бойы жылуды үздіксіз қамтамасыз ету маңызды екенін айтқан. Оның айтуынша, жылу беру уақытылы жүргізілді, ешқандай үзілістерге жол берілмеді. Алдағы күндері еліміздің оңтүстік өңірлерінде жылу берілмек.

"Жұмыс өте ауқымды болды, мұны қаржыландыру көлемінен де, атқарылған жұмыс көлемінен де байқауға болады. Енді ең бастысы – барлық жылыту маусымын тиісті деңгейде өткізу, барлық жоспарланған параметрлерді сақтау. Кез келген жағдайға жедел әрекет ету үшін коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу бөлімшелерін барлық қажет техникамен қамтамасыз ету маңызды", – деді ол.

Талқылау