Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Рөлде отырып телефонмен сөйлесу - күнә": ҚМДБ исламдағы көлік жүргізу мәдениеті туралы айтып берді

Рөлде телефонмен сөйлесу күнәФото: shutterstock.com

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) жұма күнгі уағызын жол қозғалысы ережелерін сақтау және адам өмірінің исламдағы құндылығы тақырыбына арнады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ҚМДБ мәліметінше, көлікті жауапсыз басқару, жол ережесін сақтамау, асығыстық пен немқұрайлық таныту – жай ғана заң бұзушылық емес, мұсылмандық әдебімізге, аманатқа деген көзқарасымызға да қайшы әрекет. Жол ережесін сақтау – тек мемлекеттің заңы емес, шариғаттың да талабы. 

“Жылдамдықты асыру, бағдаршамға бағынбау, белдік тақпау, телефонмен сөйлесу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу мұның барлығы да тек өзінің емес, өзгенің де өміріне қауіп төндіреді. Бұл – құқықтық қана емес, бұл – күнәлі іс. Исламда адам өмірі – ең қастерлі құндылық. Жолда тәртіппен жүру – өзіңе де, өзгеге де өмір сыйлау деген сөз”, – делінген жазбада. 

Діни басқарма көлік жүргізушісінің жолдағы адамдардың барлығының өмірі үшін жауапты екенін ескертеді. 

"Көлік жүргізуші – тек рөлдегі адам емес. Ол – жолдағы адамдардың амандығына жауапты. Жолаушы тасып бара жатса – олардың өмірі сенің мойныңда. Қатар жүріп келе жатқан жүргізушіге де зияның тиюі мүмкін екенін ұмытпа. Ислам діні әрбір іс-амалды жауапкершілікпен атқаруға үндейді. Әсіресе, жол қозғалысы – тек дүниелік талап емес, мұсылмандық әдептің, иманның көрінісі. Жол – баршамызға ортақ аманат. Ал көлік жүргізу – аманатқа адалдықты, жауапкершілікті талап ететін іс. Алла Тағала Құранда былай дейді: "Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер!" ("Бақара" сүресі, 195-аят). Яғни, жолда қауіп туғызу, тәртіп бұзу – Құран әміріне қарсы амал", – делінген жазбада. 

ҚМДБ ислам дінінде бес нәрсе: адамның діні, өмірі, ақылы, ар-намысы және мал-дүниесі құрметті саналатынын, оған қол сұғуға, зиян беруге болмайтынын еске салады. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда енді көлік терезесінен қолын шығарғандарға айыппұл салынатыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 27 Маусым, 2025 21:39
Талқылау