Қазақстандағы стартаптардың құны 2,16 миллиард долларға жетті: Мұның жартысы тек бір компанияға тиесілі

Фото: freepik.com
3 сәуірде RISE Research талдау агенттігі Орталық Азиядағы венчурлық нарық бойынша 2025 жылға арналған зерттеуін ұсынды. Ауқымды талдау Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерін қамтиды. Зерттеуге сәйкес елдегі стартаптардың құны 2,16 миллиард долларға жеткен.
Үш есе өсім және алғашқы юникорнның пайда болуы
2025 жылы Қазақстанның венчурлық нарығы алдыңғы жылмен салыстырғанда бірден үш есеге өскен. Тартылған қаржының жалпы көлемі 209 миллион долларға (104,5 миллиард теңге) жетті (2024 жылғы 71 миллион доллармен (35,5 миллиард теңге) салыстырғанда), ал стартаптардың жиынтық бағалауы 2,16 миллиард доллар (1,08 триллион теңге) болды.

Серпілістің негізгі драйвері Series A раундында 130 миллион доллар (65 миллиард теңге) жұмылдырған Higgsfield стартапы болды. Бағалануы 1,3 миллиард долларға (650 миллиард теңге) жеткен компания Қазақстандағы алғашқы юникорн атанып, сол жылдағы барлық венчурлық инвестицияның жартысынан астамын өзіне шоғырландырды.
Дегенмен, бұл ірі мәмілені есепке алмағанда да нарықта табиғи өсім байқалады. Инвестициялар көлемі 11,3%-ға өсті. Яғни 79 миллион долларға дейін көбейді (39,5 миллиард теңге), стартаптардың жалпы бағалауы 860 миллион доллар (430 миллиард теңге) болды. 2018 жылдан бергі орташа жылдық өсім қарқыны (CAGR) 31% деңгейінде тұрақталды.

Нарықтың жетілуі: соңғы кезеңдер басты назарда
Мәмілелер құрылымы толық қалыптасқан жобаларға қарай ойысуда, бұл құбылыс шетелдік ірі инвестициялар көлемінің артуымен байланысты болып отыр. Егер 2024 жылы Seed-раундтар (46%) басым болса, 2025 жылы (Higgsfield-ті есептемегенде) қаржыландырудың 31%-ы Series A кезеңіне тиесілі болды.

Экожүйенің негізгі драйвері жасанды интеллект болып отыр. ЖИ-стартаптар (Higgsfield-ті есептемегенде) барлық инвестицияның 46,6%-ын жұмылдырып, 2025 жылғы стартап экожүйесінің жалпы бағасының 38,2%-ына тең.