Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Рымбаеваның әкесімін" деп кеуде керген емес": Роза Рымбаева әкесі туралы сыр шертті

Халық әртісі, әнші Роза Рымбаева бала кезін және әкесін есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/rozarymbaeva/

Өнер иесі әкесінің қандай болғанын “Ұждан” подкастында айтып берді.  Отбасындағы 8 балаға үлгілі әке, анасына сүйікті жар болғанын жасырмады. 

“8 баланың ішінде ерке өстім, ешқашан менің қалауыма қарсы шықпаған, мені "қызым, бұлай болмайды" деп шектеген емес. Мен бала кезімнен мектептегі "Көркемөнерпаздар" үйірмесіне қатыстым, сабақты жақсы оқыдым, кейіннен музыка мектебіне бардым. Сондықтан менің талабымды шектемеді. Әкем менің жоғары атақ алғанымды, жеңісімді көріп кетті. Жеке ән кешіме қонақ болып келіп, анам екеуі көздеріне жас алып, үндемей қарап отыратын. Ешқашан "мен Роза Рымбаеваның әкесімін" деп кеудесін соққан емес. Қазіргі кейбір ата-аналар секілді әлеуметтік желідегі парақшаларында өзін жарнамаламаған. "Ол баламның өзінің еңбегі, қызметі, жетістігі" деп сырттан ғана қуанып отыратын. Әкем үйдегі кез келгенімізге солай қарайтын. Қуанышқа ішінен ғана қуанатын, қатты тойлап, елге жар салып, ішу деген болмапты. Әрине, барған жерінде "бұл Розаның әкесі" деп құрметтеп, сыйлап отырады", – деді Халық әртісі. 



Сондай-ақ, отбасындағы әке рөліне де тоқталып, әке тәрбиесінің балаға әсері туралы да сөз қозғады. 

“Әкем теміржолда жұмыс істеді. Сегіз баланы өсіріп, асырап, жетілдірді. Әрқайсысының тойын жасады. Шынын айтқанда, бәріміздің қызығымызды көріп кетті. Қазақ отбасында баланы өсіресің, оқытасың, отбасын құрып бересің, тойын жасайсың, сосын олардың қызығын көресің. Менің әкем осының бәрін көріп кетті, еңбегі ақталды. Бала кезімнен әкемнің таңертең жұмысқа кетіп, кешке үйге шаршап келетінін көріп өстім. Келген кезде анам дастарқанын жайып, тамағын жасап, шайын қайнатып, "әкең келе жатыр" деп бәрімізді тәртіпке шақыратын. Біз де бұған жауапкершілікпен қарайтынбыз. Әкені құрметтеу отбасыдан басталады. Анамыз әкемізді қалай құрметтесе, балаларды да соған үйретті”, – деп ағынан жарылды әнші. 

Еске салайық, Роза Қуанышқызы "Қырғыз Республикасының халық әртісі" атағын алған еді. 

Талқылау