Риддерде такси жүргізушісі аулада баланы қағып, жарақаты жоқ екенін көрген соң оқиға орнынан кетіп қалған

Риддерде такси жүргізушісі аулада баланы қағып кетіп, ауыр жарақаты жоқ екеніне көз жеткізген соң оқиға орнынан кетіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Төртінші шағынаудандағы көпқабатты үйдің ауласында такси жүргізушісі алты жастағы баланы қағып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, оқиға шамамен түскі сағат бірлер шамасында болған.
Алаңдатқан хабардан кейін аталған үйдің бейнебақылау камераларының жазбалары қаралды. Видеода баланың подъезден жүгіріп шыққаны және сол сәтте өтіп бара жатқан автокөліктің оны қағып кеткені көрінеді. Жүргізуші көліктен түсіп, баламен сөйлеседі. Оның ауыр жарақат жоқ екеніне көз жеткізген соң, жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған.
Жүргізушінің жеке басы анықталып, ол Риддер қаласының полиция бөліміне жеткізілді.
“Бала ауруханаға жатқызылды. Жағдайы тұрақты, кеуде қуысының соғылуы диагнозы қойылды. Дәрігерлер қажетті медициналық көмек көрсетті”, – деп хабарлады қала әкімдігі.
Полиция басқармасы тиісті сараптамалар тағайындалғанын мәлімдеді.
Ақмола облысындағы тасжолда полицейді көлік қағып өлтірді
“Полиция қызметкерлері Lada X-Ray автокөлігінің жүргізушісін анықтады. Көлік тәркіленіп, арнайы айып тұрағына қойылды. Аталған факті бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады”, – деп түсіндірді Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда автобус жүргізушісі телефонына алаңдап, қызды қағып кеткенін жазғанбыз.