Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасын жеңіп, WTA маусымдық финалының чемпионы атанды

Фото: WTA
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен WTA маусымдық финалының шешуші ойынында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкоға (Беларусь) қарсы матч өткізіп, чемпион атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бірінші сетті Рыбакина сенімді түрде ұтып, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады – 6:3, 7:6 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте Соболенко басымдыққа ие болғанымен, Елена есепті теңестіріп, тай-брейкте жеңісті өз пайдасына шешті.
Осылайша, Рыбакина өз карьерасында алғаш рет WTA маусымдық финалында чемпион атанды.
Топтық кезеңде ол алдымен №4 ракетка Аманда Анисимованы 6:3, 6:1 есебімен жеңді. Кейін №2 Ига Свёнтекті ауыр үш сетте ұтты – 3:6, 6:1, 6:0. Ал соңғы топтық ойында №10 Екатерина Александровадан 6:4, 6:4 есебімен басым түсті.
Жартылай финалда Рыбакина тағы да табандылық танытып, №5 ракетка Джессика Пегуланы 4:6, 6:4, 6:3 есебімен жеңді.
WTA маусымдық финалы – әлемнің ең мықты теннисшілері жиналатын беделді турнирлердің бірі. 2025 жылы бұл жарыстың жеке разрядтағы 54-ші, жұптық разрядтағы 49-шы маусымы өтті.
Айта кетсек, турнирге қатысқан барлық теннисшілерге белгіленген көлемде сыйақы беріледі. Ал чемпион атанған Рыбакина шамамен 5 миллион доллар (2,6 миллиард теңге) табыс тапты.
Бұл жеңісі үшін Рыбакина 5,23 миллион доллар алады – бұл әйелдер теннисі тарихындағы рекордтық сыйақы.
Сонымен қатар, ол рейтингте 1500 ұпай жинайды: дүйсенбіден бастап Елена әлемнің бесінші ракеткасы атанады. Бұл – оның кәсіби мансабындағы 11-ші атағы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Рыбакинаны "Барыс" орденінің III дәрежесімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Марапат "жоғары шеберлігі мен жеңіске деген жігері үшін" табысталды.
Мемлекет басшысы теннисшіні айқын жеңісімен құттықтады:
"Сіз маусым қорытындысы болып саналатын беделді турнирде жоғары деңгейдегі шеберлік пен жеңіске деген мықты ерік-жігер көрсеттіңіз. Сізге шын жүректен алғыс білдіремін және бұл Қазақстан мен әлемдік теннис тарихында қалатын тамаша жетістігіңізбен құттықтаймын. Осы спорттық жеңісіңіз және елімізде теннистің дамуы мен танымалдығын арттыруға қосқан үлесіңіз үшін Сізді “Барыс” орденінің III дәрежесімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым", – делінген құттықтауда.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік

