"Резеңке пәтерлермен" күрес: Астанада пәтерде тұратын тұрғындар санына шектеу енгізілмек
Мәжіліс отырысында астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды. Отырыста вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанадағы “резеңке пәтерлер” мәселесі жайлы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қаладағы "резеңке пәтерлер" мәселесін шешу үшін қандай шаралар қабылданатынын айтты.
"Қазір азаматтар үлкен қалада тұруға талпынады. Бұл пәтерлерде тұрғындарды шексіз тіркеу мәселесіне алып келді. Тәжірибе көрсеткендей, азаматтар үйлерінде тұрмайтын жүздеген адамдарды тіркеу фактілері бар. Астана қаласындағы пәтерлердің бірінде 800-ден аса адам тіркелген. Жалпы айтқандай 924 осындай мекенжай анықталды. Осы мәселені шешу үшін елорда аумағында тұрақты және уақытша тұратын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту, яғни мәслихатпен алдағы уақытта бір азаматқа қанша шаршы метр тиесілі екені белгіленеді. Астана аумағында бір мекенжайды нормативтерде артық адам тіркеуге тыйым салу бойынша өзгеріс енгізуді ұсынады. Бұл ретте тіркеу нормативтері тұрғын үйдің меншік иесінің жұбайына, жақын туыстарына қолданылмайтынын айтып өтеміз", – деді ол.
Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне жауапкершілік күшейтіледі.