Рейтинг үшін балаларды пайдаланады: "Кел, татуласайық" жүргізушісін әдепсіздік пен мейірімсіздік танытқаны үшін айыптады
31 арнада бір жылдан астам уақыт бойы жүріп келе жатқан “Кел, татуласайық” бағдарламасы көпшіліктің сынына ұшыраған болатын. Жоба кейіпкері 18 жастағы Қызғалдақ зорлау құрбаны болған. Бағдарламаның бір санында оны зорлаған адаммен татуластыруға тырысады. Бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Newreporter басылымына сілтеме жасап.
"Жаңа репортер" медиакритигі Назира Дәрімбет жоба авторлары мен жүргізушінің рейтинг үшін балаларды "қолданудың" қаншалықты әдепсіз екенін айтып, оларға жәрдем емес, керісінше психологиялық зиян тигізгенін жеткізді.
Бұл жолы бағдарлама кейіпкері болып, 41 жастағы Баршынай Сұлтанова телеарна табалдырығын аттайды. Ол редакторға күйеуі оны "жүргіш әйел" деп атағанын және оны үйден қуып жібергенін айтады.
Әрі қарай, әңгімеге дейінгі шағын сюжетте оның кішкентай ұлы мен қызы құрғақ нан жеп, жылап отырады. Кейін көз жастарын сүртеді. Бірақ балалардың бетін ешкім жабуға тырыспағанын қалай түсінсек болады?
Әйелдің қиын тағдырына арналған шығарылымда жүргізуші алдымен оны жарты сағат "азаптайды". Мұндай өмірге “қалай жеткенін" сұрап, оны жылауға дейін апарады.
Содан кейін оның балалары студияға шақырылады. Балалардың жүздері әлі де жабылмаған. Керісінше, ірі-ірі пландармен көрсетеді.
Бұдан соң жүргізуші мен сегіз жасар бала арасында қиын диалог басталады. Соңғысының көзі жасқа толы. Диалог былай өрбиді:
Сенің басқа киімің бар ма?
— Жоқ.
— Үйің қайда? Қазір қайда тұрып жатырсың?
— Таразда, қазір еш жерде үйім жоқ.
— Өз үйіңде тұрғың келе ме?
— Тұрғым келеді
— Бірақ сендерді ол жақтан қуып жіберді ғой. Сені ешкім ол жақта күтіп тұрған жоқ. Әкең мен ағаңды сағындың ба? Оларды жақсы көресің бе?
- Иә…
Бала жылайды, жөтеледі, бірақ оны “қысу” әлі де жалғасады.
— Әкеңе бірдеңе айтшы ... оған не айтқың келеді? Үйге оралу үшін бір нәрсе айту керек қой. Мүмкін енді ол сенің үйің емес шығар…
Олар студияда қарапайым этика туралы, әлі қанаты қатаймаған нәзік баланың жанына жанашырлықпен қарау керек екенін мүлдем ұмытып кетті. Мүмкін, өскеннен соң, бірнеше жылдан кейін олар өмірінің бұл кезеңін еске алғысы келмейтін шығар. Бұл туралы жоба авторлары мүлдем ойламаған сияқты. Оларды бағдарлама миссиясында сипатталғандай, кедейлерге көмектесу, отбасыларды біріктіру “ниеті” көбірек қызықтарған-ау.
Бірақ біреуге көмектессең "зияныңды келтірме" ережесін есте сақтаса пайдалы болар еді. Себебі бірнеше жылдан кейін не болатыны белгісіз. Қазір өзінде балалар осындай күйзелісті бастан кешірді. Сондықтан оларды тез арада психологқа көрсету керек.
Бұның арасында жүргізуші кейіпкерді жазғырып алады: "Егер күйеуіңіз қаламаса, неге балаларды тудыңыз? Бірінші баладан кейін бұндай күйеуден кетіп қалу керек еді". Бұл виктимблеймингтің айқын мысалы. Яғни құрбан болған адамның құрбан болғаны үшін өзін кінәлау.
Тағы бір эпизодта Жазира есімді кейіпкердің тағдыры талқыға түседі. Ол кәмелетке толмаған екі қызымен бірге жұбайы қайтыс болғаннан кейін көшеде қалған. Қала шетінде түнеп жүргендерін айтады.
Күйеуінің ұлы оларды балаларымен бірге әкесінің үйінен қуып жіберген көрінеді. Бірнеше минуттық әңгімеден кейін студияда тағы да балалар пайда болады.
Үлкендердің көзінше жүргізушінің екі-үш сұрағынан кейін жасөспірім қыздар көз жасына ерік береді. Ал Тахир Сұлтан (жүргізуші) дереу кішісіне жармасады.
— Ағаңа бірдеңе айтқың келе ме?
Жанары көз жасқа толы қыз: “Біз туысқан емеспіз бе? Бұлай істеуге қалай дәтің барды?” дейді
- Тағы? – деп жүргізуші одан сайын қыстайды.
Бала одан сайын жылайды.
Тағы бір әйел — Алима Оспанова студияға ДЦП-мен ауыратын ұлымен бірге келеді. Баланы үнемі емдеу отбасында жоқ айтарлықтай қаражатты қажет етеді. Анасы үш жасар балаcының мәселелері туралы айтып жатқанда, науқас бала үнемі ауырсынудан немесе қандай да бір алаңдаушылықтан жылайды. Бірақ бұл бағдарламаны жалғастыруға ешкімге кедергі болмайды.
Студияға осындай диагнозбен жұмыс істейтін маман шақырылады. Жеке клиниканың дәрігері баланың қолына басқа да жерлерін сипап көреді. Бөтен адамның қолы тигенге бала одан сайын жылай бастайды. Түсінбеймін, науқас баланы неге сонша азапқа салады? Студиядағы маман баланың жақында орнынан тұратынын айтады.
Сондай-ақ алдыңғы бөлімдерде "Ергежейлі қыз: "байсыз бала тудым" шығарылымы шықты. Екінші жүргізуші мүлдем құлаққа кірмейтін, әдепсіз сұрақтар қояды: "Сіздің бойыңыз – генетикалық ауру ма?", "Бойыңыздың осындай болғаны үшін қысылмайсыз ба?", "Маған қызық, сіздің отбасыңыз бар ма?".
Балалардың өз еркімен ток-шоудың кейіпкерлері болмағаны белгілі. Әрине, ең алдымен, бұл іске олардың ата-аналарын кінәлауға болады. Бірақ олар қарапайым адамдар. Қиын жағдайда өз әрекеттерінің салдарын, сәбилеріне қандай психологиялық жарақат әкелетіні туралы ұмытып кетуі немесе жай ойланбауы мүмкін. Олар журналистік этика мен мораль туралы ешқашан естімеген. Сондықтан біздің журналист әріптестеріміз осындай нәрселер туралы ойлануы және есте сақтауы керек.