Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рестлер Логан Пол покемон бейнеленген картаны 16 миллион долларға сатып, әлемдік рекорд орнатты

Фото: BBC

Америкалық рестлер әрі YouTube-блогер Логан Пол бес жыл бұрын Пикачудың сирек картасын 5,275 миллион долларға сатып алып, әлемдік рекорд орнатқан еді. Енді ол сол картаны гауһар тасты алқамен бірге 16,492 миллион долларға сатып жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл – 1998 жылы Pokémon иллюстрация байқауына арнап шығарылған небәрі 39 дананың бірі – Pikachu Illustrator картасы.

Логан Пол картаны Goldin аукционына қойды. Сауда 42 күнге созылып, 16 ақпанда аяқталды. Негізгі сауда аяқталар сәтте баға 6,882 миллион доллар (3 391 587 240 теңге) деңгейінде тұрған. Алайда қосымша уақыт ішінде жаңа өтінімдер түсіп, соңғы сома комиссиясымен бірге 16,492 миллион долларға (8 127 587 440 теңге) жетті.

YouTube-тегі тікелей эфир кезінде Пол әзілдеп: “Біреулерді әбден титықтатып жіберген сияқтымыз”, деді.

Ал сауда аяқталып, экранға конфетти шашылған сәтте: “Бұл – ессіздік!”, – деді ол.

Бір сәттен кейін экранға Guinness World Records өкілі Сара Кэссон шығып, оның аукционда сатылған ең қымбат коллекциялық карта екенін айтты.

Сауданың жеңімпазы – венчурлық инвестор Эй Джей Скарамуччи. Ол қаржыгер әрі Ақ үйдің бұрынғы коммуникациялар жөніндегі директоры Энтони Скарамуччидің ұлы. Скарамуччи-кіші “планеталық қазына іздеу” жобасын бастағанын айтып, “жинауға келмейтін дүниелерді жинаймын” деп мәлімдеді.

“Қазір менің квестім – тираннозавр рекстің қазба қаңқасын сатып алу. Сондай-ақ Тәуелсіздік декларациясын алмақпын. Мұнымен тоқтамаймын”, – деді ол Полға.

Карта рестлер кулон ретінде арнайы қорапқа салып тағып жүрген ірі гауһар тасты алқамен бірге сатылды. Логан Пол бұл алқаны алғаш рет 2022 жылы WrestleMania 38 шоуында таққан. Сатудан кейін ол алқаны Скарамуччидің мойнына өзі тағып берді.

Сенбі күні WWE жұлдызы Instagram-дағы жазбасында картамен қоштасып: “Қош бол, досым! Әлемдегі ең ұлы коллекциялық бұйымға иелік ету мен үшін үлкен мәртебе болды”, – деп жазды.

Неліктен бұл карта соншалықты қымбат?

Pokémon – әлемдегі ең табысты медиафраншиза. Ол табысы бойынша тіпті Disney мен Star Wars-ты да басып озған. Логан Пол картаны аукционға қоятынын растағаннан кейін Goldin аукцион үйінің негізін қалаушы әрі бас директоры Кен Голдин оның "әлемдегі ең қалаулы коллекциялық карта" екенін айтты. Ол Полды Netflix-тегі King of Collectibles: The Goldin Touch шоуының жаңа маусымында осы картаны сатуға көндірген.

Фото: BBC

"Pokémon нарығы қазір қызып жатыр. Ол нарықта үстемдік етіп тұр, ал бұл – №1 карта", – деді Голдин.

Ол Полға 2,5 миллион доллар аванс ұсынып, қалған Pokémon және TCG (коллекциялық карточкалар ойыны) лоттарынан түсетін табыстан пайыз беруді ұсынған. Бұл аукциондағы басты лот дәл осы Pikachu Illustrator картасы болды.

Голдиннің айтуынша, Illustrator – Pokémon карталары арасындағы “қасиетті грааль”. Ал Пол иелік еткен дана бәрі аңсайтын ең мінсіз нұсқа. Себебі бұл карта Professional Sports Authenticator (PSA) агенттігінен PSA 10 деген жалғыз баға алған. Бұл “мінсізге жақын күй” дегенді білдіреді.

CNN мәліметінше, әлемде PSA Grade 9 бағасын алған Pikachu Illustrator картасының сегіз данасы бар. Солардың бірі бұрын Полға тиесілі болған және ол 1,275 миллион долларға бағаланған. Алайда Пол 2021 жылдың шілдесінде оны қолма-қол 4 миллион доллар қосып, мінсіз нұсқаға айырбастаған.

Рестлер әрі танымал блогер Логан Пол сирек заттарды жинаумен де танымал. Ол NFT секілді цифрлық активтерді қоса алғанда, ерекше бұйымдарға миллиондаған доллар жұмсайды.

Пол картаны сатудан түскен қаражатты “үйлену тойының” шығынын жабуға жұмсайтынын айтты.

“Мен алыпсатар емеспін. Мен коллекционермін. Бірақ шынымды айтсам, қолма-қол ақша керек-ақ. Ақша табуды жақсы білемін. Ал одан да жақсы көретінім оны жұмсау”, – деді ол. 

Логан Пол 2025 жылдың тамызында даниялық модель Нина Агдалға үйленген. Салтанатты той Италиядағы Комо көлінде өткен.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 18:45