Республикалық бюджеттен 862 миллиард теңгеге бұзушылықтар анықталды – Жоғары аудиторлық палатасы
Фото: pixabay.com
Мәжілісте үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне берілген Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы таныстырылды. Палата өкілі Нурлан Нұржанов республикалық бюджеттен 862 миллиард теңгеге заң бұзушылықтар анықталып, тағы 609 миллиард теңге игерілмей қалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілісте қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нурлан Нұржанов үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне берілген Жоғары аудиторлық палата қорытындысының негізгі бағыттарын таныстырды. 2024 жылғы бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы бойынша бекітілген 16,1 триллион теңге көлеміндегі жоспар 2 триллион теңгеге (12%) қысқартылып, 14,1 триллион теңге болды. Алайда жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш те толық орындалмаған. Игерілмеген сома – 609 миллиард теңге.
Салық түсімдері негізгі кіріс көзі болып қалып отыр. Олар республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің 63%-ын немесе 12,3 триллион теңге болады. Дегенмен 2023 жылмен салыстырғанда салықтардың үлесі 5%-ға немесе абсолютті мәнде 604 миллиард теңгеге азайған.
Республикалық бюджет шығыстарының жартысына жуығы Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер мен алынатын қарыз қаражаты есебінен өтеледі. Қаржыландырудың басқа көздеріне тәуелділіктің өсуі қаржылық тұрақтылықты төмендетіп, бюджеттің атқарылуына байланысты проблемаларға әкелді. 2024 жылы республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотында қаражаттың жетіспеуіне байланысты 422 миллиард теңге игерілмеді.
2024 жылы республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты бюджет параметрлерінің болжамына үш рет өзгеріс енгізілгенімен, есепті жылы тіпті алғашында жоспарланған кіріс болжамының пессимистік сценарийдің де орындалуы қамтамасыз етілмеді.
Республикалық бюджеттің шығыстарына 13 рет өзгерістер енгізілген. Бұл соңғы 5 жылдағы рекордтық көрсеткіш болып отыр. Осылайша бюджеттің шығыс бөлігінің 26%-ы (6,2 триллион теңге) қайта қаралды. Мұндай жиі енгізілетін өзгерістер бюджеттік жоспарлаудың болжамдылығына нұқсан келтіре отырып, қысқа мерзімді шешімдерге баса назар аударуға бағытталғанын көрсетеді.
2024 жылдың негізгі үрдісі инвестицияларды қаржыландыру құрылымындағы өзгеріс болып отыр. Меншікті инвестициялар 257 миллиард теңгеге немесе 7%-ға төмендеген.
2024 жылы өңірлерге бюджеттен жалпы 7 триллион теңге аударылды. 912 жобаны аяқтау жоспарланған. Алайда әкімдіктердің мәліметінше, есепті жылы тек 449 жоба немесе небәрі 49%-ы аяқталған.
Өткен жылы Жоғары аудиторлық палата 27 аудиторлық іс-шара өткізді. Сөйтіп 862 миллиард теңгеге бұзушылықтар анықталды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 65%-ға көп. Бюджетке 135 миллиард теңге өтелді (орындау мерзімдері келгендері бойынша).
Аудит материалдары бойынша 175 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылса, 198 адам тәртіптік шара қолданылды.
Еске салайық, бұған дейін аудиторлар медициналық сақтандыру қорында миллиардтаған теңгенің тиімсіз жұмсалғанын анықтап, басшылықты жауапқа тартуды ұсынды. 2022-2023 жылдар аралығын қамтыған мемлекеттік аудит барысында медициналық сақтандыру қоры 31 млрд теңгені тиімсіз пайдаланғаны анықталды. Бұл қаржы медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге бөлінгенімен, уақытында игерілмеген. Соның кесірінен көптеген азамат қажет көмекті ала алмады. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл сома жүйеде жұмыс істейтін 10 ірі клиниканың жылдық бюджетіне тең.

Жамбыл облысында ерлі-зайыптылар өз достарының 15 жастағы қызын зорлады деп айыпталды
