Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейлік сарапшылар Башар Асадтың алдағы тағдырына болжам жасады

Ресей Сирияның экс-президенті Башар Асадты ешкімге бермейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Взгляд басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: russian.rt

Стратегиялар мен технологияларды талдау орталығының аға ғылыми қызметкері Юрий Ляминның сөзінше, Башар Асад Мәскеуде өмірінің соңына дейін тұрақтап қалады.

"Ресей халықаралық қылмыстық сотқа бағыну туралы хаттаманы ратификациялаған жоқ. Сондықтан Асадты тұтқындауға ордер берген болса да, Мәскеу оны экстрадицияламайды", – деді саясаттанушы.



Ляминнің айтуынша, АҚШ та, Еуроодақ та Башар Асадты жауапқа тарта алмайды. Сарапшы Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович пен Орталық барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденнің Ресейде көп жылдар бойы тұрып жатқанын және ешбір шетелдік әділет органдары "оларға қол ұшын созбағанын" айтты. 

"Асадты біздің елде құрметті қарттық күтіп тұр", – деді ол.

Ал Financial Times басылымы Башар Асадтың туыстары мен достары Мәскеуден 2013-2019 жылдар аралығында құны 40 миллион долларға (20 миллиард 416 миллион теңге) 19 пәтер сатып алғанын хабарлады. 

Шетелдік БАҚ мәліметінше, 13 пәтер экс-президенттің ағасы Хафиз Махлуфтың бақылауындағы компанияларға тиесілі екені айтылған. 

Фото: news-pravda

Асадтың немере ағасы Рами Махлуфтың әйелі де Ресей астанасында жылжымайтын мүлік сатып алған. Құжаттарға сай, оның атында екі пәтер бар. Ал төрт жылжымайтын мүлік Асадтың немере ағалары Ихаб пен Ияд Махлуфқа тиесілі.

Сондай-ақ Сирияның бұрынғы президентінің тағы бір немере ағасы Махлубтың Мәскеу қаласына жақын жерде үш бөлмелі пәтері бар.

Алдын ала болжам бойынша, мүлік 40 миллион долларға бағаланған. Мәмілелер жылжымайтын мүліктері ресми тіркелген оффшорлық компаниялардың көмегімен жүзеге асырылған. 

Фото: news-pravda

Еске салайық, бұған дейін "Хайят Тахрир аш-Шам" содырлар тобы Сирия президенті Башар Асадтың елден кеткенін және Дамаск астанасын басып алғанын мәлімдеді. Дамасктегі көтерілісшілер мемлекеттік телеарна эфирінде жеңіске жеткендерін жариялады. Сириялық содырлар мемлекеттік телеарна мен Дамаск радиосы арқылы эфирге шығып, президент Башар Асад режимін құлатқандарын және саяси тұтқындарды босатқанын хабарлады. 

8 желтоқтанда Асадтың президент қызметінен кеткені және Сириядан шыққаны туралы алғашқы ресми мәлімдемені Ресей Сыртқы істер министрлігі жариялады. Алайда сол кезде Ресейдің сыртқы істер министрлігі Асадтың қай жерде екені туралы ешқандай мәлімет бермеген. Кейінірек ресейлік БАҚ Кремльдегі дереккөздерге сілтеме жасап, Ресей Асадқа және оның жақындарына "гуманитарлық мақсаттарды ескере отырып" баспана бергенін хабарлады.

Талқылау