Ресейлік мигранттарды қазақстандықтардың ұрып-соққаны рас па – ІІМ жауап берді
"Жесть дня" Telegram-арнасында Қазақстан қалаларының бірінде түсірілген ер адамды ұрып-соққан видеосы жарияланды. ҚР ІІМ аталған видеоға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі StopFake.kz-ке сілтеме жасап.
"Жесть дня" Telegram-арнасында Қазақстан қалаларының бірінде ер адамды ұрып-соғып жатқаны жайлы видеосы жарияланды. Ондағы мәліметке қарағанда, зардап шегуші Ресей Федерациясынан келген мигрант, ал бұзақылар Қазақстан азаматтары көрінеді.
Видеода жанжалға ұлтаралық алауыздық себеп болғаны айтылған.
"Қазіргі уақытта ішкі істер органдары осы видео бойынша тексеру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар полицияға өтініш түскен жоқ", – деп түсіндірді ІІМ баспасөз қызметі.
Ведомствоның хабарлауынша, видеоның Қазақстанда түсірілгеніне дәлел жоқ.
Бұл кадрларды Қазнет пайдаланушылары да талқылап жатыр. Мысалы, блогер Ұлан Әбішев ұлтаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған бұл видеоны қойылым деп санайды.
"Түрлі ақпараттың, фейктердің көп таралуына, сайттарға жасалған DDoS-шабуылдарға қарағанда, біреулер Қазақстанға қатысты ақпараттық науқан жүргізіп жатқанға ұқсайды",- деп жазды ол желідегі парақшасында.