Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан мен Ресей Ұлы жеңістің 80 жылдығын атап өтеді": Тоқаев Путинмен кездесуде қандай мәселелерді талқылайтынын айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейде шығатын "Известия" газетіне екі ел арасында қарым-қатынас туралы мақала жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Ресей президенті Путин Қазақстанға келеді. Сол сапар аясында Тоқаев ресейлік газетке екі ел арасында қарым-қатынастың маңыздылығын жазды. 

“Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы – берік әрі мызғымас достықтың шынайы көрінісі. Екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы тығыз астасып жатқан тарихи және мәдени байланыстарға, сондай-ақ қос халықтың болашағына қатысты ортақ жауапкершілікке негізделген. Бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, біздің елдеріміз тату көршілік пен сан салалы ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп келеді. Бұл ынтымақтастыққа ортақ мүдде, өзара сыйластық, ең жоғары деңгейдегі сындарлы саяси диалог арқау болып отыр”, – деді президент.      

Сөзінше, Владимир Путин екеуі үнемі хабарда. Бір-біріміне деген құрмет ерекше дейді. 

Соңғы бір жылда Қазақстан мен Ресей толыққанды форматта төрт келіссөз жүргізген. Сонымен қатар Путинмен халықаралық іс-шаралар аясында бірнеше мәрте кездесіп, телефонмен де жиі сөйлескенін айтады.

“Қазір Қазақстанда Ресейдің 23 мың компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Оның 4 мыңы соңғы бір жылдың ішінде құрылды. Біздің ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары екені осыдан-ақ айқын көрінеді.

Екіжақты инвестиция көлемі де ұлғая түсті. 2023 жылы Ресей компаниялары Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазақстан да Ресей экономикасына осынша мөлшерде қаржы құйды. Елдеріміз бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастырып, инвесторларды қолдауға қажетті барлық жағдайды жасап отыр”, – деді Тоқаев.

Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Осыған дейін жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылды. Қазір 49 жоба жүзеге асырылып жатқан көрінеді.

“Осы маңызды жобалардың ішінен Қазақстанда 3 жылу электр орталығының құрылысы басталғанын және Екібастұз ГРЭС-ін жаңғыртуды атап өтуге болады. Бұл қатарда еліміздің бірқатар аймағын газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, оңтүстік және шығыс бағытқа тасымалданатын Ресей энергетика ресурстарының көлемін арттыруға қатысты ауқымды бастамалар да бар”, – деді ол.

Тоқаев экономикалық одаққа да тоқталды. Биыл Еуразия экономикалық одағын құру туралы шартқа 10 жыл толды дейді.

“Қазақстан мен Ресей жаһандық бәсекеге қабілетін арттыру үшін әуел бастан жан-жақты ықпалдастық пен байланысты дәйекті түрде нығайтуға ұмтылды. Сол себепті бірлестік құру туралы бастама көтеріп, осы ұйымның негізін қалады. Содан бері Еуразия экономикалық одағы оған мүше мемлекеттердің экономикалық саясатын интеграциялау және өзара сауда-саттықты дамыту үдерісі табысты жүзеге асып жатқан аса маңызды платформа ретінде өзінің тиімділігін көрсетті”, – деді ел басшысы.

Ол Ресей президентінің Қазақстанға келуін қазақ-орыс қатынасының тарихындағы аса маңызды оқиға деп атады. 

“Астанада өтетін кездесуде Ресей президентімен сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылым және техника салаларындағы ынтымақтастыққа  қатысты ауқымды мәселелерді талқылаймыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық барысын пысықтауды жоспарлап отырмыз.Ушығып тұрған әлемдегі ахуалға қатысты пікір алмасамыз”, – деді ол.    

Қазақстан мен Ресей шекара маңындағы аудандарында 32 миллионға жуық адам тұрады.

“Мемлекет басшыларының өңіраралық ынтымақтастықтың ХХ форумына бірге қатысуы осы сапар барысындағы маңызды шара болмақ. Елдеріміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтуге дайындалып жатыр. Ортақ тарихқа деген құрмет әрдайым Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығына арқау болары сөзсіз”, – деп жазды Тоқаев.   

Айтуынша, былтыр елімізде "орыс маусымы" деген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал биыл Мәскеуде Астананың мәдениет күндері өтті. Ондағы ең негізгі оқиға ретінде "Абай" операсының Үлкен театрда қойылғанын айтуға болады. Ресейдің басты мұражайлары – Третьяков галереясында және Эрмитажда Қазақстанның көрмесі ашылады.   

Қазақстан командасы Ресейдің Қазан қаласында өткен "Болашақ ойындарына" қатысты. Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Ресей спортшылары өнер көрсетті. Ресей бастамасымен қолға алынған "Болашақ ойындарының" кезекті сайыс 2026 жылы Қазақстанда өтеді.    

“Қазір Ресейдің оқу орындарында Қазақстаннан барған 60 мыңға жуық студент білім алып жүр. Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын, ал Омбыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігін ашу жоспарымызда бар. Елімізде 3500-ден астам мектеп Пушкин тілінде білім береді, телеарналар мен радиостанциялар хабар таратады, газеттер мен журналдар шығады. Барлық дерлік өңірде көрерменнің көзайымы болып жүрген орыс драма театрлары бар.  Біздің ел Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясында Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерді”, – деді мемлекет басшысы.

Биыл шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Онда "Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік" туралы декларация қабылданды. 

“БРИКС ұйымының Қазан қаласындағы тарихи саммиті өте нәтижелі болғанын атап өткім келеді. Бұл форум Владимир Владимирович Путиннің ерік-жігері мен абырой беделінің және әлем жұртының 45 пайызының мүддесін қорғайтын бірлестікке Ресейдің тиімді төрағалық етуінің арқасында өтті. 2025 жылы көптеген бірлескен бастамалар мен ортақ жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар. 

Қазақстан мен Ресей тату көршілік пен одақтастық рухына негізделген риясыз достықты нығайтты және ең бастысы, өзара сенімді қарым-қатынас орнатты. Біз елдеріміздің басты мүддесіне сай келетін ең батыл идеяларды бірге жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын. Біз тарихтың қақтығысқа және апатқа толы күрделі кезеңінде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы болып қала береміз”, – деп аяқтады мақаланы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Талқылау