Қазақстанға Ресейден төрт амур жолбарысын әкелу жоспарланып отыр

Биыл көктемге Ресейден Қазақстанға төрт амур жолбарысы жеткізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “ТАСС” агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ақпаратты “Амурский тигр” орталығының директоры Сергей Арамилев жария етті.
Мұндай шешім Амур жолбарысын Қазақстан аумағына қайта жерсіндіруге арналған халықаралық ауқымды бағдарлама аясында қабылданды. Бағдарламаны іске асыруға “Амурский тигр” орталығы қолдау көрсетіп отыр. Амур жолбарыстары – бұрын Орталық Азияда мекендеген, бірақ Қазақстанда 1948 жылға қарай жойылып кеткен туран жолбарысының ең жақын туыстары. Осы бағдарлама арқылы республикада олардың популяциясын қайта қалпына келтіру көзделген.
Сергей Арамилевтің айтуынша, жолбарыстарды жөнелтуге дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Жабайы жыртқыштармен жұмыс істеуді үйрену үшін қазақстандық табиғат қорғау органдарының мамандары Хабаровск қаласына барған. Оқу – төрт амур жолбарысын Қазақстанға жіберу алдындағы соңғы кезеңдердің бірі. Сирек жануарларды тасымалдау 2026 жылғы көктемде жүзеге асырылады деп жоспарланған.
Оның сөзінше, жолбарыстар әр жынысты әрі әртүрлі жаста болады. Сонымен қатар қазір Ресейде 750 бас жолбарыс бар болғандықтан, төрт жыртқыш жолбарыс санына әсер етпейді.
Әрбір жолбарыс табиғатқа жіберілер алдында спутниктік бақылау модулі бар арнайы мойынтұмармен жабдықталады. Сондай-ақ жануарлардың қозғалысын, қандай аңдармен қоректенетінін бақылап отыратын арнайы мониторинг топтары құрылады. Егер трекер деректері бойынша жолбарыс елдімекендерге жақындаса, оның алдын алу шаралары қабылданады.
Қазақстан Республикасы Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты “Охотзоопром” РМК орталық өңірлік филиалының басшысы Мұрат Рымжановтың мәліметінше, жолбарыстар Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жіберіледі.
“2018 жылы Балқаш көлі маңында арнайы қорғалатын резерват құрылды. Ғалымдар жолбарыстарды өсіруге ең қолайлы аумақты осы жер деп анықтады. Өңір шалғайда орналасқан, қоректік базасы жеткілікті әрі тіршілік етуге барлық жағдай бар. Барлығы сәтті болады деп сенеміз”, – деді ол.
Хабаровскіге барған қазақстандық мамандар қажетті барлық хаттама бойынша оқытылды: қолданылатын жабдықтың ерекшеліктері мен оны орнатудан бастап, арнайы препараттар арқылы жыртқышты уақытша ұйықтату рәсіміне дейін меңгерді. Бұл тәжірибені олар амур жолбарысын ұстау, ветеринарлық тексеру және табиғатқа қайта жіберу жұмыстары барысында үйренген.
"Бір ұйықтаса бірнеше күн бойы оянбайтын ауыл": Тылсым "Калачи" туралы не белгілі?