Ресейде жігіт өзін тастап кеткен анасын өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған
Ресейдің Алтай өлкесінде зейнеткер әйелдің қайғылы жағдайда өлтірілу дерегі тексеріліп жатыр. Әйелдің бөлшектеніп тасталған денесі Рубцовск қаласы тұрғынының үйінен табылды. Тергеу болжамы бойынша, әйелді туған ұлы өлтірген.
Бұл туралы altapress хабарлайды.
«Әйелдің бөлшектеніп тасталған денесі Рубцовск қаласы тұрғынының үйінен табылды. Тергеу болжамы бойынша, әйелді туған ұлы өлтірген. Әйел оны туғаннан кейін перзентханада қалдырып кеткен. 29 жастағы ер кісінің үйінде дененің бөлшектенген бөлігі жатқанын көрші әйел құқық қорғау органдарына жеткізді. Рубцовск тұрғынының үйіне тергеу-жедел тобы келген кезде әйелдің айтқаны расқа шықты», – делінген хабарламада.
Тергеудің мәліметіне қарағанда, анасы денесінің қаңқаларын жігіт өз пәтерінде аптадан артық уақыт ұстаған. Анықталғаны, 19 қаңтар күні анасы мен баласы бірге отырып, арақ ішеді. Олар әйелдің туған күнін осылай тойлайды. Кейін олардың арасында жанжал туады. Сол кезде жігіт әйелді қолымен және аяғымен ұрып өлтіреді. Әйел алған жарақаты салдарынан үзіліп кетеді. Сосын баласы қылмыстың ізін жасыру мақсатында анасының денесін бөлшектеп тастайды. Бірақ денесін пәтерде сақтап қояды. Бірқатар мәліметтер бойынша, ер кісі оны марганцовка ерітіндісінде ұстайды.
Ер кісінің неге осыншалықты қатыгездікке барғаны әзірге белгісіз. Белгілісі, оның өз биологиялық анасымен танысқанына тым көп болмапты. Анасы перзентханада тастап кеткеннен кейін басқа отбасы асырап алады. LifeNews телеарнасының мәліметінше, бала жақсы семьяда өскен. Мектепте де, институтта да жақсы оқыған. Сосын Мәскеуден жұмыс тапқан. Бала өзін асырап алғанын жақсы білген. Сондықтан туған анасын тауып алуды арман еткен. Ол бұған да жеткен. Тек анасын ғана емес, өзі секілді тастанды болған тағы екі бауырын да тапқан.
Қазіргі таңда бірқатар сот сараптамалары жасалып жатыр.