Ресейде тыйым салынған адыраспанды шекарадан алып өткен қазақстандықтар қамауға алынады
Ресейге адыраспан тасымалдаған қазақстандықтар 20 жылға сотталуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Kaspi.kz
Қазақстанның Ресейдегі елшілігі қазақстандықтардың шекарадан адыраспан алып өтуі жиіледі деп мәлімдеді. Ресейлік заң қорғаушылардың айтуынша, елімізде емдік өсімдік саналатын адыраспанның құрамында гармин атты галлюциногенді зат бар. Ол көршілес елде есірткі болып есептеледі.
Ел билігі адыраспанды алып шекарадан өткендер Ресейде қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Яғни 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қылмыскер адыраспанды аса ірі мөлшерде тасымалдау кезінде ұсталса, 1 миллион рубль, яғни 5 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалап, 8 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
“Елімізде қалжыңға айналып кеткен адыраспан мәселесі. Ресей Федерациясына адыраспанды алып келу заң бұзушылық деп есептеледі. Қылмыскер 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондықтан бұл мәселеге өте мұқият қарау керек”, – дейді Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев.
Айта кетейік, бұған дейін еліміздің Ішкі істер министрлігі Ресейге адыраспан алып кіргендерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескерткен еді.