Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейде Павел Дуровқа қатысты қылмыстық іс қозғалды – БАҚ

Ресейде Павел Дуровқа қылмыстық іс қозғалдыФото: instagram.com/durov

Ресейлік БАҚ-та Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровқа терроризмді қолдау бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Российская газета” дерегіне сүйенсек, мессенджер тыйым салынған контент, есірткі, суицид және экстремизмге қатысты мыңдаған каналдар мен чаттарды өшірмеген. Ал Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Telegram арқылы дайындалған 475 террористік акттың алдын алған. 

Алдын алынған оқиғалардың ішінде мектептерде жасалмақ болған 61 жаппай қылмыс бар болып шыққан. Оны украин кураторларының ықпалында “ақылынан адасқан” жасөспірімдер жоспарлаған.

“Заңдарды елемеу, диалогқа құлықсыздық және қылмыскерлерге жанама көмек көрсету Telegram-ды Ресейдің заңдық алаңынан тыс қояды… СВО жағдайында Telegram НАТО елдерінің арнайы қызметтері мен “Киев режимінің” басты құралына айналды. Координаттарды бақылау, құпия мәліметтерді сату, әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларына қысым – платформа үшін ештеңе маңызды болмаған”, – деп атап көрсеткен басылым.

Роскомнадзор Дуров командасына ресми байланыс арналары арқылы 150 мыңнан астам өтініш жолдаған, заңсыз контентті өшіруді талап еткен, бірақ олар назарға алынбаған. 2025 жылғы тамызда реттеуші Telegram-дағы дауыстық қоңырауларды шектеді, нәтижесінде киберқылмыстар саны 23% азайды. Ал 2026 жылғы 10 ақпандан бастап Роскомнадзордың іс-қиметтері трафиктің деградациясын 55% дейін арттырды.

Басылым “сандық құзыретсіздіктің” құрбандары ресейлік азаматтар, блогерлер мен журналистер болғанын еске салды, соның ішінде Дарья Дугина мен Максим Фомин, сондай-ақ генерал-лейтенант Игорь Кирилловты қоса алғанда 9 жоғары лауазымды әскери қызметкер бар. Қарсылас Telegram аналитикасын пайдаланып олардың туыстары, қозғалыс маршруттары, күн тәртібі туралы ақпарат жинаған. Әскери қызметкерлердің отбасыларына тікелей 700 шамасында қауіп-қатер жасалған.

“Қабылданып жатқан шаралар – батыстық марионеткалар көрсетуге тырысқандай еркіндікке шабуыл емес. Бұл – мемлекет өз азаматтарын, өзінің егемендігін сандық құбыжықтан қорғау құқығын заңды түрде іске асыру”, – деп жазды газет.

Ресейдің ВҚҚ мәліметінше, 2022 жылдан бері Telegram 153 мың қылмыстық істе, оның ішінде терроризмге қатысты істерде аталған. Бұл бап бойынша жаза 8 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі мерзімді қамтиды.

Айта кетейік, былтыр Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың Францияда ұсталғаны туралы жазған едік. Артынша оның қамаудан босатылғаны белгілі болды.

Еске салайық, Павел Дуров өзінен бала туғысы келетін әйелдерге ЭКО рәсімін төлеуге уәде бергені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 12:41