Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейде дрон шабуылынан жүздеген рейс тоқтатылды: Путин көлік министрін қызметінен босатты

ресей әуежай

Фото: Росавиация

5 шілдеден бастап Ресейде ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) шабуылдары жиілегеннен кейін елдің әртүрлі аймақтарында әуе кеңістігін пайдалануға шектеулер енгізілді. Салдарынан жаппай рейстердің тоқтатылуына және кешігуіне әкеп соқты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Росавиацияның мәліметінше, тек 5 шілдеден бері:

– 485 рейс толықтай тоқтатылған;
– 88 рейс қосымша аэродромдарға қонған;
– 1 900-ге жуық рейс кешіктірілген;
– 43 мың жолаушы билет қайтаруға мәжбүр болған;
– 94 мыңнан астам адам қонақ үйлерге орналастырылған.

Ведомство бұл ахуалды "толығымен бақылауда" деп бағалап, Ресейдің азаматтық авиация жүйесі сыртқы қысымдарға төтеп беруге қабілетті екенін атап өтті.

"Авиакомпанияларда қалыптасқан жағдайға бейімделуге жеткілікті ресурс бар", — делінген ресми хабарламада.

Авиация саласындағы осы күрделі жағдай аясында Ресейдің көлік министрі Роман Старовойт қызметінен босатылды. Оның орнына Андрей Никитин уақытша министр міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұл шешімді Ресей президенті Владимир Путин қабылдаған.

Айта кетейік, өткен аптада Ресей мен Украина өзара шабуылдар жайлы мәлімдеді. Украина президенті Владимир Зеленский Ресей жасаған әуе шабуылын соғыс басталғалы бергі ең ауқымды соққылардың бірі деп атады. Киев қаласы қатты зардап шекті.

Осы уақытта Ресейдің бірқатар өңірлері де дрон шабуылдарына ұшырады. Ресейлік басылымдардың хабарлауынша, Ростов облысына жасалған дрон шабуылы кезінде бір зейнеткер қаза тапқан.

Назархан Уән
Дүйсенбі, 07 Шілде, 2025 17:42
Талқылау