Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейде дәрігерлер 10 жасар қазақстандық балаға ота жасаған соң жарты метрлік катетер сымын денесінде қалдырып кеткен

Фото: Вероника Субачтың жеке архивінен

Баланы емдеткен анасы Вероника Субач отаны жасаған клиникаға шағымданғанымен, әділдікке қол жеткізу оңай болмағанын айтады. Оның айтуынша, дәрігерлердің салғырттығы салдарынан қазіргі таңда ұлының өміріне үлкен қауіп төніп тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бала ауыр туа біткен жүрек ақауымен тіркелген. Алғашында ол Қазақстандағы кардиологтардың бақылауында болып, екі рет ота жасалған. Ақырғы Фонтен әдісімен жасалатын операцияны Новосібірдегі академик Мешалкин атындағы Ұлттық медициналық орталықта өткізу туралы шешім қабылданған.

24 наурызда бала ауруханаға жатқызылып, 27 наурызда операция жасалған. Анасының айтуынша, ота кезінде сан артериясы арқылы бағыттаушы сым мен катетер енгізілген.

Алайда отадан кейін асқынулар пайда болған. Температура көтеріліп, өкпеге сұйықтық жинала бастаған. Қазақстанға оралғаннан кейін дәрігерлер баланың денесінде бөгде заттың бары анықталған. Жүректен бастап санның ортасына дейін жететін шамамен 50 см болатын металл бағыттаушы сым бар болып шықты. Дәрігерлердің айтуынша, ол венаның саңылауын жауып, тромб пайда болуына алып келуі мүмкін және денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді.

Вероника Субач бұл жағдай жөнінде клиникаға хабарлағанымен, тек ресми сипаттағы жауап алған. Қазір бала амбулаториялық бақылауда, алайда жағдайы нашарласа, шұғыл ауруханаға жатқызу қажет болуы мүмкін.

Оқиғаға байланысты баланың анасы Ресейдің тергеу комитетіне, денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсірген. Бұл іске Ресей Федерациясы тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин назар аударды.


Ағзалары зақымданып, ішегі алынды: Перзентхана дәрігерлері 9 ай бұрын алматылық әйелдің ішінде дәке ұмытып кеткен


"Аяғым 7 см-ге қысқарған": Қарағанды клиникасындағы оталардан кейін 19-дан аса адам қауіпті инфекция жұқтырған


Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасында ота жасалғаннан кейін науқастың денесінен медициналық ине табылды. 14 сәуірде оң жақ бүйірінің ауырғанына байланысты ауруханаға жүгінген Алик Сағынға плеврит деген күдікпен 15 сәуірде ота жасалды. 9 сағатқа созылған операциядан кейін ол физиотерапия орталығына жіберілген. Онда жүргізілген рентген кезінде оң жақ кеудесінен ине табылып, 19 сәуірде қайтадан ота жасалып, ине алынған. Отадан кейін жағдайы күрт нашарлап, еңбекке жарамсыз қалған науқасқа аурухана тарапынан көмек көрсетілмеген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 30 Шілде, 2025 15:03
Талқылау
`