Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Путинге алғыс айтты": Қазақстандық азамат мектептердің бірінде семинар өткізіліп, Ресей рәміздері дәріптелгенін мәлімдеді

Скрин: Threads

Желіде Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде мұғалімдерге семинар өткізіліп, жиында Путинге алғыс айтылғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны қазақстандық азамат Threads желісінде баяндады. Айтуынша, мұғалімдерге арналған семинар 23 қаңтар күні Айыртау ауданы, Новоукраинка ауылындағы “Рудный орта мектебінде” болған. Онда Путинге алғыс айтылып, мұғалімдер Ресейдің мемлекеттік рәміздерімен суретке түскен.

“Мемлекеттік мектепте мұғалімдерге арналған “семинар” өткізілген. Семинар барысында Путинге тілек айтылып, “Единая Россия” саяси партиясының символикасы қолданылған. Украинаға әскери шабуыл жасалып, олар қиналып жатқан кезде Қазақстандағы бір мектепте Ресей ашық түрде дәріптеліп жатыр. Тіпті мұғалімдер Ресейдің мемлекеттік рәміздерімен суретке де түскен”, – деп жазды желі қолданушысы.

Сондай-ақ ол Е-өтініш арқылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне арыз жолдағанын айтты. Онда ол: “Семинар Қазақстан Республикасының мемлекеттік мектебінде өткенін; мемлекеттік білім беру ұйымдарында шетелдік мемлекеттер мен партиялардың саяси насихатына жол берілмейтінін; мұндай әрекеттер білім беру жүйесінің бейтараптық қағидаттарына және Қазақстан заңнамасына қайшы екенін” атап өткен.

Скрин: Threads

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасынан мән-жайды сұрап білді. Басқарма мәліметінше, аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

“Мектепішілік бақылауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес, жыл сайын пән апталықтары білім беру және тәрбие жоспарына сәйкес өткізіледі. Оның ішінде орыс тілі апталығы кезінде онлайн дүкеннен орыс мәдениеті бейнеленген шарлар сатып алынды. Сатып алынған заттар қатарында матрешка, балалайка ұстаған аю және баян музыкалық аспабы бар. Мектептерде саяси іс-шаралар өткізілмейді. Пән апталықтарына ашық сабақтар, викториналар, байқаулар, көрмелер және шеберлік сабақтары кіреді. Олар шығармашылықты дамытуға, дарынды балаларды қолдауға және мұғалімдер арасында тәжірибе алмасуға ықпал етеді”, – делінген жауапта.

Айта кетейік, бұған дейін Рудный тұрғыны мен Amanat депутаты көше атауларын қазақшалауға қарсы шыққанын жазған едік. Әлеуметтік желіде жергілікті тұрғын Екатерина Корчагинаның сөзі кең талқыланды. Ол қала көшелерін қайта атау денсаулық сақтау мен инфрақұрылым мәселелерін шешпейтінін мәлімдеді. Бұдан бөлек, ол Рудный қаласы Кеңес үкіметінің арқасында пайда болғанын айтқан. Кейін ол қоғамдық талқылау кезіндегі дөрекі әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 30 Қаңтар, 2026 15:02