Ресей өз аймақтарында қазақ мектептерін ашуға қызығушылық танытып отыр — Оқу-ағарту министрі
Ресей билігі Астрахань облысы, Томск және Орынбор қалаларында қазақ мектептерін ашуға мүдделі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үкімет отырысында көрші елде қазақ мектептерін ашу жұмысы қалай өрбитінін айтты. Сөзінше, қазір тараптар арасындағы келіссөздер өтіп жатыр.
"Бұл аймақтарды зерттеу процесі белсенді келіссөздер сатысында. Қай қалаларда мектеп ашылатыны анықталды және келесі қадам – нақты орындарын таңдау. Қалаларды таңдауда қазақтар ең көп тұратын аймақтарға ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта қажетті құжаттар сарапталып жатыр, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады", — деді оқу-ағарту министрі.
БАҚ өкілдері Ресей тарапы өз аумақтарында қазақ мектептерін ашуға қызығушылық танытып отыр ма деп сұрады. Олар министрге ресейлік порталдарда кейбір облыстардың билігін бұл мәселе қызықтырмайтыны туралы жаңалықтар шыға бастағанын айтты.
"Әріптестермен қарым-қатынасымыз жақсы өрбігеніне қарап, мен мұны сезбедім. Жұмыс жүріп жатыр", – деді министр.
Еске салайық, бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астрахань, Омбы және Орынбор қалаларында этникалық қазақтар тұратын жерлерде қазақ тілінде оқытатын қазақ-орыс мектептері ашылатынын мәлімдеді. Ресейде қазірдің өзінде қазақ тілін оқыту жүзеге асырылып жатыр. Бұл этникалық қазақтар тығыз қоныстанған аймақтарда жүргізіледі. 2021 жылғы санақ нәтижелері бойынша Ресейде 591 мыңнан астам қазақ тұрады. Олардың көбі Астрахань, Орынбор, Омбы және Саратов облыстарында шоғырланған.